Алтынемел ұлттық паркіне әкелінген 30 құланның саны 3600-ге жетті

құлан
Фото: Visit Zhetysu туристік ақпарат орталығы

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM - Жетісу облысында Қызыл кітапқа кірген құландарға арналған фестиваль өтті. Биыл екінші жыл ұйымдастырылып отырған іс-шараның бастамашылары – Ұлттық парк басшылығы, облыс әкімдігі және Visit Zhetysu туристік ақпарат орталығы. Кербұлақ ауданындағы тылсым табиғатты сондай-ақ оның флорасы мен фаунасын тамашалауға өткен жылы 16 мың турист келсе, биыл жыл басынан бері олардың саны 24 мыңға жеткен.

Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жануарлар популяциясының көп бөлігі осы аймаққа тиесілі, яғни 3600-дей құлан Кербұлақ ауданының «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің аумағын мекен етеді. Туристер жыл сайын осы дала жүйрігін көруге мұнда арнайы келеді. Биыл саябаққа 24 мың адам табан тіресе, соның 7 мыңы – Үндістан, Қытай, Корея, Франция, Германия және ТМД елдерінен келген шетелдік туристер. 

құлан
Фото: Visit Zhetysu туристік ақпарат орталығы

«Қазір Қазақстан әсіресе көркем табиғатының арқасында Үндістанда жақсы танымал. Біз Шымбұлақта, Көлсай, Қайыңды көлдерінің жағасында болдық, ал бүгін «Алтынемел» ұлттық саябағы мен Айғайқұмның тамашасын көзбен көріп, зерттеп-біліп жатырмыз. Әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді Үндістаннан келген турист Намбутасеха.

Фестиваль Айғайқұмның жанында өтті. 10-12 мың жыл бұрын пайда болған ұзындығы 3 шақырым, биіктігі 150 метр құм тау Жетісудың табиғи кереметтерінің бірі. Ұйымдастырушылар іс-шараның маңыздылығы Қызыл кітапқа енген жануарларды, соның ішінде құландарды сақтап қалуда дейді. Бірнеше жыл бұрын Түркіменстаннан ұлттық паркке әкелінген 30-ға жуық құланның саны қазір 3600-ге жеткен. Бұл биологиялық түрдің бір бөлігі ұлттық парктен басқа аймақтарға да таралып жатыр.

«Жануарлар популяциясының көбеюіне, саябақтың дамуына, бірінші кезекте туристер санының артуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Қауіпсіздікті жақсарту үшін 14 жаңа мотоцикл мен моторлы қайық сатып алынды. Сонымен қатар 10 трактор, қарда жүретін көліктер, дрон алдық, дронды түнде де ұшыруға болады. Фестиваль аясында біздің саябаққа 14 жол талғамайтын көлік келді. Жол инфрақұрылымын жақсартуда облыс әкімдігі тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызы зор», - дейді «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Қуат Байтұрбаев.

құлан
Фото: Visit Zhetysu туристік ақпарат орталығы

«Биылғы жылы фестивальді Жетісу өңіріндегі бірегей туристік нысандардың бірі Айғайқұмның жанында ұйымдастырдық. Қатысушылар құландарды, қарақұйрықтарды, сәті келсе, саябақтың басқа да ерекше жануарларын тамашалау үшін оларға фото-видео, сафари ұйымдастырылды. Мұның бәрі экологиялық туризмді дамытуға ықпал етеді. Өйткені ұлттық парктер Жетісу облысындағы 5 туристік бағыттың бірі», - деді «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығының жетекшісі Жандос Нұриев.

құлан
Фото: Visit Zhetysu туристік ақпарат орталығы

Ұлттық парктің жалпы аумағы 307 мың гектардан асады. Бірегей табиғатын, сирек кездесетін жануарларын, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау үшін «Алтынемел» ЮНЕСКО биосфералық резерватының халықаралық мәртебесін иеленген. Мұнда сирек кездесетін өсімдіктердің 31 түрі, Қазақстанның Қызыл кітабына және халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгізілген жануарлардың 66 түрі кездеседі. Соның ішінде барыс, құлан, қарақұйрық және т.б. бар. Жақында таулы жерлерге қоңыр аюдың келгені байқалған. Ұлттық саябақ бірегей табиғи нысандарымен де танымал. Олардың қатарында «Айғайқұм», Ақтау бор таулары, Қатутау шөлді лава таулары, 700 жылдық тал, Бесшатыр сақ қорғандары, Таңбалы тас петроглифтері бар.

Еске салайық бұған дейін «Қызылтас» петроглифтерінің мемлекет қорғауына алынғаны туралы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар
telegram