Дархан Жазықбай Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі жасанды интеллект технологияларын тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, азаматтардың жасанды интеллектіге деген сенімі алгоритмдерден емес, мемлекеттің шешімдерді әділ, ашық әрі есеп берушілік қағидаттарына сай қабылдайтынынан басталады.
Мысал ретінде ол Қазақстанның мемлекеттік қызметті цифрлық трансформациялау нәтижелерін таныстырды.
— e-Qyzmet цифрлық HR-платформасы 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні біріктіріп, 400-ден астам цифрлық HR-процесті қамтиды. Платформа 100-ден астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу толықтай онлайн форматқа көшіріліп, небәрі 5–7 жұмыс күнін алады. Бұл процестің ашықтығын, бәсекелестігін және объективтілігін қамтамасыз етеді, — деді Дархан Жазықбай.
Оның айтуынша, мемлекеттік басқару саласында Қазақстан Integrity by Design қағидатын ұстанады. Үміткерлердің анонимді деректерін, бірыңғай бағалау жүйесін, автоматтандырылған рейтингтерді пайдалану және әрбір шешімнің сандық ізін сақтау субъективтілікті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға көмектеседі.
Бүгінде Агенттік кадрлық деректерді талдау үшін жасанды интеллект технологияларын қолданады. Кадрлық жоспарлаудың болжамдық құралдарын дамытып, мемлекеттік функцияларға аудит жүргізеді. Мемлекеттік секторға жасанды интеллектіні енгізу үш қағидатқа негізделген: қолжетімділік, адам тарапынан бақылау және есеп берушілік.
— Жасанды интеллект шешім қабылдауға көмектесе алады, алайда ол адамның жауапкершілігін алмастырмауы тиіс. Түптеп келгенде, мәселе технологияның мемлекетті өзгерте алуында емес, мемлекеттің бұл технологияларға қандай құндылықтарды енгізетінінде. Қазақстан ашықтық пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ұстанады және өз тәжірибесімен бөлісуге дайын, — деді Дархан Жазықбай.
Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы цифрлық HR-шешімдері мен тәжірибесі халықаралық деңгейде мойындалып келеді.
Осыған дейін министр Жаслан Мәдиев БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырып, ұлттық сарапшыларды Орталық базасында жұмыс істеуге жіберуді ұсынды.