Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жаңа жоба жыл сайын шамамен 1,7 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бастама баға тәуекелдерін төмендетіп, дәрі жеткізу тұрақтылығын арттыруға және жеке қоймаларды жалға алуға тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Логистикалық орталықтар Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Семей қалаларында салынады.
Алғашқы нысанды 2027 жылы Ақтөбеде іске қосу жоспарланып отыр.
Қазір Қазақстанда шамамен 3,4 млн пациент тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.
Олардың қатарында қант диабеті, артериялық гипертония, онкологиялық және орфандық аурулары бар пациенттер бар.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүзеге асырылады.
Министрлік мәліметінше, дәрілік заттарды сатып алу жоспары пациенттердің нақты қажеттілігіне қарай қалыптастырылады. Бұл ретте диагноз, тағайындалған препарат, нақты тұтыну көлемі мен сырқаттанушылық динамикасы ескеріледі.
Жүйенің ашықтығын арттыру үшін цифрлық бақылау құралдары енгізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта қоймалардың WMS жүйелері Бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Сонымен қатар жыл соңына дейін көлік логистикасын басқаруға арналған TMS жүйесін іске қосу жоспарланған.
Бұл жүйе дәрі-дәрмек жеткізілімін, соның ішінде ауылдық елді мекендерге жеткізуді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Министрлік өңірлер арасындағы препараттарды жоспарлау және қайта бөлу тетіктерін де жетілдіріп жатыр. Бұл тапшылық қаупін азайтып, пайдаланылмай қалған дәрілер көлемін қысқартуға бағытталған.
Ведомствоның дерегінше, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған препараттар тізімі халықаралық клиникалық ұсынымдар мен дәлелді медицина қағидаттарына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Сонымен қатар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі 87,2 млрд теңгеден 2026 жылға қарай 337,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған.
Айта кетейік, Қазақстанда медицина қызметкерлерін сақтандыру ережелері өзгеруі мүмкін.