Құжат бойынша баяндама жасаған депутат Динара Райханованың атап өтуінше, Құрылтай отырысында заң жобасының негізгі ережелері, оның мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ заң қабылданған жағдайда туындайтын әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары талқыланды.
- Айта кету керек, Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 30 қарашадан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі саналады және оның аясында халықаралық сауда процестерінің белсенді қатысушысы ретінде орнықты, - деді ол.
Құрылтай депутатының атап өтуінше, заң жобасы келесідей мақсаттарға бағытталған:
- қызметтер нарығында тең жағдайларды қамтамасыз ету;
- рұқсат құжаттарын берудің біліктілік талаптары мен мерзімдерін белгілеудегі ашықтықты арттыру;
- қызметтер нарығын мемлекеттік реттеуді жетілдіру;
- Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттермен ынтымақтастық аясында отандық қызмет көрсетушілер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.
- Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелеріне қосылу - Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, инвесторлардың сенімін нығайтуға және бәсекеге қабілетті қызметтер нарығын дамытуға бағытталған маңызды қадам, - деді Динара Райханова.
Айта кетейік, отырыста депутаттар қылмыспен күрес, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты заң жобаларын талқылап жатыр.