Қылмыс және киберқылмыспен күрес: Құрылтай жаңа заң жобаларын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысы өтеді. Онда депутаттар қылмыспен күрес, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты заң жобаларын қарайды.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Алдымен Құрылтай бірінші оқылымда 2024 жылғы 29 қазанда Дохада жасалған Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқыға салады.

Аталған Келісім ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік қылмыстарға, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қон мен адам саудасына, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мәселелерді шешу кезінде өзара іс-қимыл мәселелері бойынша қатынастарды реттеуге бағытталған.

Киберпреступлений в Казахстане стало меньше, а вирусных атак — больше
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Құжатты ратификациялау тараптардың қылмысқа қарсы күрес саласындағы құзыретті органдарының өзара іс-қимылы үшін құқықтық негіз құруға мүмкіндік береді деп күтіледі. Келісім құқық қорғау саласындағы Қазақстан-Қатар қатынастарының жаңа кезеңін ашып, қауіпсіздік бағытындағы өзара іс-қимыл мен күш-жігерді үйлестірудің құқықтық негізін қалыптастырады.

Сондай-ақ, депутаттар назарына 2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады. Заң жобасы ТМД тараптарының құзыретті органдары арасында электрондық форматта ақпарат алмасуды регламенттейтін шартқа өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл қылмыстық қудалаудан жасырынған қылмыскерлерді анықтауға және ұстауға, сондай-ақ адамдарды іздеуге бағытталған бірлескен шаралардың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Хаттаманы шартқа қатысушы барлық елдер – Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстан ратификациялаған.

Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын да бірінші оқылымда қарау жоспарланып отыр. 2001 жылғы 23 қарашада Будапештте жасалған Конвенция – ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресуге бағытталған алғашқы халықаралық шарт. Бүгінгі таңда оның қатысушылары 80-нен астам елді құрайды, соның ішінде АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Ұлыбритания елдері және бірқатар Еуропа мемлекеттері бар.

Конвенцияға қатысу Қазақстанға, компьютерлік жүйелер мен желілердің, сондай-ақ компьютерлік деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен қолжетімділігін бұзуға бағытталған қылмыстар бойынша ақпарат алмасу және тергеу, экстрадициялау бөлігінде осы елдермен бірлескен іс-қимыл жасауға құқық береді. Соның ішінде мемлекетішілік және халықаралық деңгейде компьютерлік қылмыстар жасағаны үшін сот қудалауын және жедел әрі сенімді халықаралық ынтымақтастыққа қатысты уағдаластықтар әзірлеуді көздейді.

Сонымен қатар, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралатын болады. Бұл заң жобасын Құрылтай 16 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Өзгерістер Қазақстанның қызметтер саудасы бойынша Жалпы келісімді дамыту мақсатында көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі ДСҰ ережелеріне қосылуын қарастырады.

Президенттің жарлығымен Конституциялық Сот құрамына 10 судья тағайындалды
Фото: Ақорда

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Құрылтай отырысында депутаттар Президент ұсынған Конституциялық Сот судьяларының, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерінің кандидатураларына келісім берді. Осыдан кейін «Қазақстан Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі (АИИБ) арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Келісімде мемлекеттік кепілдікпен қарыздар мен гранттық жобаларды іске асыру кезінде Банктің саясаты мен ережелерін қолдануға байланысты ұлттық заңнамадан өзгеше нормалар белгіленген.

Атап айтқанда, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді, тауарларды сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік, еңбек стандарттарын және АИИБ-нің ақпаратты көрсету нормаларын қолдану көзделеді.

Келісім күшіне енгеннен кейін елімізде бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қамтылады. Атап айтқанда «Жезқазған-Қарағанды», «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын», «Атырау-Доссор» және «Мойынты-Қызылжар» автомобиль және темір жолдарын қайта жаңарту бойынша жұмыс басталады. Бұл Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасымен тікелей байланысты.

Сонымен қатар депутаттар «Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын да екі оқылымда қарап, қабылдады.

Законопроект о науке и технической политике внесут на рассмотрение Мажилиса
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Конвенцияға 1959 жылы Страсбург қаласында қол қойылған.

— Біз 2001 жылдан бері Сыртқы істер министрлігімен осы Конвенцияға қосылу үшін бірқатар жұмыс істедік. Енді былтыр маусым айында осы Конвенцияға қосылуға шақырту қағазын алдық. Конвенцияның негізгі мақсаты қылмыстық іс бойынша адамның кінәсін дәлелдеу үшін қажетті көмек алуға бағытталған. Мәселен, олар тінту, банктегі шоттарды анықтау, қылмыстан түскен табыстарды бұғаттау, сараптама жүргізу, адамдарды айғақтар беру үшін шақырту және басқалар болуы мүмкін. Дегенмен, егер сұрау салынатын тарап өтінішті саяси қылмыс немесе оны орындау егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да айтарлықтай маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе, көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін, — деді Бас прокурордың орынбасары.

Отырыс соңында Құрылтай депутаттары мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Дихан Қамзабекұлының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына жолдаған сауалында қоғамда білім-ғылым культін қалыптастыру мәселесін көтерді.

Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл — дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» жолы, — деді Дихан Қамзабекұлы.

Сонымен қатар депутат Айсұлу Сүлеймен пилотсыз авиацияны дамыту үшін бірыңғай цифрлық жүйе құруды ұсынса, Асылхан Қожахметов медициналық бұйымдарды сатып алу және отандық тауар өндірушілерді қорғау кезіндегі заң бұзу деректеріне қатысты мәселе көтерді.