Құрылтай депутаты: жасөспірімдер біліксіз блогерлерге еліктеп барады

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына жолдаған сауалында қоғамда білім-ғылым культін қалыптастыру мәселесін көтерді. 

Құрылтай депутаты: жасөспірімдер біліксіз блогерлерге еліктеп барады
Фото: Kazinform/ЖИ

— Халық қолдап-қуаттаған жаңа Конституциямызда мәдениет, білім, ғылым, инновация құндылығы айрықша жазылғаны мәлім. Бүгінде ғылым мен инновация — жаңару мен ел сапасының маңызды тетігі. Ата заңдағы құндылық пен басымдық енді өміріміздің мәніне, өзегіне айналуға тиіс. Әсіресе, ғылым мен инновацияның негізі мектепте жүйелі оқытылып, үзіліссіз жалғасуы шарт. Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл — дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» жолы, — деді Дихан Қамзабекұлы.

Осы орайда ол дәл қазір елімізге инженерлік-технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет екенін атап өтті.

— Иә, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздік мұратының өзі — мәдени қазына, адастырмас темірқазық. Бүгін ХХ ғасырдың бас ширегіндегі инженер Мұхамеджан Тынышбайұлы, медик-биолог Халел Досмұхамедұлы, математик Ибадулла Ақбергенұлы, кеңес кезеңіндегі академиктер — инженер Қаныш Сәтбаев, энергетик Шапық Шөкин, молекуляр-биолог Мұрат Айтқожин, қазақ қыздарынан шыққан алғашқы академиктер — геолог Патшайым Тәжібаева, тұңғыш техника ғылымдарының докторы, маркшейдер Жамал Қаңлыбаева, заманымыздың біртуар академиктері — антрополог Оразақ Ысмағұлов, математик Мұхтарбай Өтелбай, генетик Рахметқажы Берсімбай сынды жүздеген тұлғаларды оқушыға да, студентке де үлгі ете білу — борышымыз. Гендік, медициналық инженерия, STEM мамандықтарының бастауы өз дәстүрімізде тұр. Қоғамға пайда әкелетін ақыл-ой мен білім-білік қорын «адам капиталы» дейміз. Бізде ол болған және бола да береді. Тек ыждағат пен жүйелі іс үзілмегені жөн, — деді депутат.

Осы орайда ол бірқатар ұсынысын жариялады. Бұл ретте ғалым, инженер, өнертапқыш сияқты интеллектуал тұлғалардың қоғамдық беделін, бейнесін жас буынға ұғындыратын жоба әзірлеудің маңыздылығы айтылды.

— Ғылымға, технологияға елеулі үлес қосқан бұрынғы-кейінгі тұлғаларды ақпарат құралдарында, цифрлық платформаларда үзбей кең насихаттау жолға қойылса. Инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына талантты жастарды тарту мен баулудың тиімді бағдарламалары жасалса дейміз. Орта білім жүйесінің, соның ішінде келешек мектептері мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесіне (КРІ) инженерлік-техникалық, жаратылыстану мамандықтарына қатысты конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің табысы жеке көрсеткіш болып енгені маңызды, — деді Дихан Қамзабекұлы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын Құрылтайда қарауды ұсынып, балаларға арналған SIM-карталарды енгізуді тапсырды.