Қазақстан дзюдошылары Гран-при турнирінде үздік үштікке енді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркияның Анталия қаласында дзюдодан өткен кезекті Гран-при турнирінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте үздік үштіктен көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турнирде қазақстандық спортшы Елдос Сметов 60 келі салмақта финалда өзбекстандық Кемран Нуриллаевты жеңіп чемпион атанса, ал әйелдер арасында 48 кг салмақта финалда косоволық Дистрия Красникимен белдескен Отнгонцэцэг Галбадрах күміс жүлдені еншілеген еді.

Міне, осы бір алтын, бір күміс жүлденің арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте Гран-при турнирінің қорытындысы бойынша үшінші орынға табан тіреді.

Бірінші орынға 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған Грузия балуандары ие болса, екінші орынға 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль алған Әзербайжан командасы тұрақтады.