Оның мәліметінше, қазір Беларусь, Қырғызстан және Ресей көлік бақылауының нәтижелері туралы мәліметтерді электронды жүйе арқылы бір-біріне жіберіп отыр. Бүгінге дейін жүйе арқылы 400 мыңнан астам ақпарат алмасу операциясы жүргізілген.
— ЕАЭО елдері одақтың сыртқы шекараларында жүргізілген көлік бақылауының нәтижелері туралы ақпарат алмасуды жолға қойып жатыр. Бұл көлік бақылауының нәтижелері туралы мәліметтерді нақты уақыт режимінде алмасуға мүмкіндік береді. Жақын арада Қазақстан да осы жүйеге қосылады, — деді Арзыбек Кожошев.
Сонымен қатар ЕАЭО елдерінің зияткерлік көлік жүйелерін өзара байланыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Алғашқы кезеңде мемлекеттер жол жағдайы мен ауа райы туралы мәліметтерді бір-біріне беруді жоспарлап отыр.
Кожошевтің айтуынша, сарапшылардың есебінше, мұндай жүйелерді енгізу жүк тасымалдау уақытын 30 пайызға дейін қысқартып, көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін 10 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, тасымалдаушылардың шығыны 15 пайызға дейін азаюы мүмкін.
ЕЭК өкілі елдердің көлік саласындағы ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру халықаралық тасымалдың тиімділігін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстан мен Ресей электронды жүкқұжат арқылы жүк тасымалдауға көшетіні хабарланды.