Қазақстан мен Ресей электронды жүкқұжат арқылы жүк тасымалдауға көшеді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан мен Ресей жүк тасымалын электронды құжатпен рәсімдеуді бастайды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан New Silk Way халықаралық форумында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының көлік және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі Арзыбек Кожошев мәлімдеді. 

Қазақстан мен Ресей электронды жүкқұжат арқылы жүк тасымалдауға көшеді
Фото: Kazinform/ЖИ

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ елдері автомобиль көлігімен жүк тасымалдау кезінде қағаз құжаттарды электронды нұсқаға ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Автомобиль көлігі саласында электронды CMR жүкқұжаттарын қолдану бағытында белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бүгін форум аясында түстен кейін Қазақстан мен Ресей арасында цифрлық құжат пайдаланылатын алғашқы тасымалды сынақтан өткіземіз, — деді Арзыбек Кожошев.

Электронды жүкқұжаттарды енгізу тасымалға қатысты мәліметтерді цифрлық форматта рәсімдеуге және тараптар арасында құжат алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

ЕЭК өкілінің айтуынша, халықаралық жүк тасымалында цифрлық технологияларды қолдану әсіресе шекарадан өту кезінде маңызды.

Өйткені құжаттарды рәсімдеуге кеткен уақыт тауар жеткізу мерзіміне және тасымалдаушылардың шығынына әсер етеді.

— Геосаяси тұрақсыздық пен жоғары бәсеке жағдайында әрбір кідіріс пен бос тұрып қалу тасымал құнын арттырып қана қоймай, тауардың жеткізушіден тұтынушыға жетуін баяулатады, — деді ол.

Еске салайық, елордада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы өтіп жатыр. Аталған іс-шара — көлік-логистика саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.

Биыл форум Қазақстан мен 39 өзге мемлекеттерден келген өкілдердің басын қосты. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистикалық компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының 2 000-ға жуық өкілі қатысады деп күтілуде. Қатысушылар қатарында 338 ұйымның өкілдері бар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды жоспарлап отырғаны хабарланды.