Қазақстан жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен жүк тасымалы кезінде туындауы мүмкін кешігулерді алдын ала анықтау және көлік инфрақұрылымын тиімді пайдалану көзделіп отыр. Бұл туралы New Silk Way халықаралық форумында Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов айтты.

Қазақстан жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды жоспарлап отыр
Фото: Kazinform\ЖИ

Оның сөзінше, көлік саласын цифрландырудағы негізгі міндеттердің бірі — әртүрлі ақпараттық жүйелерді өзара байланыстырып, жүк тасымалы туралы мәліметтерді бір жерге жинақтау.

Қазақстан жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды жоспарлап отыр
Фото: Ағыбай Аяппбергенов\Kazinform

— Қазір осы бағытта Smart Data Transport салалық деректер платформасы дамытылып жатыр. Оған көлік саласындағы бірқатар ақпараттық жүйе қосылған. Жаңа дереккөздерді біріктіру жұмысы жалғасуда, — деді спикер.

Вице-министрдің айтуынша, болашақта жүк тасымалына қатысты мәліметті бір рет енгізіп, оны тасымалдың барлық кезеңінде пайдалану мүмкіндігі жасалуы тиіс. Бұл құжат рәсімдеуге кететін уақытты қысқартып, логистикалық үдерістерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жиналған деректерді талдау үшін жасанды интеллект технологияларын пайдалану маңызды.

— Жасанды интеллект жүк тасымалының қай жерде кешігуі мүмкін екенін алдын ала анықтауға, инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі, — деді Жәнібек Тайжанов.

Оның айтуынша, халықаралық жүк тасымалын жеделдету үшін жаңа жолдар мен көлік нысандарын салу ғана жеткіліксіз. Қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалану, ақпарат алмасуды жеделдету және тасымалдың әр кезеңіндегі кідірістерді азайту да маңызды.

Осыған байланысты Қазақстан көлік саласындағы цифрлық жүйелерді біріктіру және жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.

Бұған дейін Қазақстан Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк тасымалын цифрландыруды ұсынған еді.