Қазақстан экономикасы төрт айда 3,6%-ға өсті

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,6%-ға өсті.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады.

Экономиканың қалпына келуіне негізгі серпін өңдеу өнеркәсібінен берілді. Бұл сектордағы өндіріс көлемі 9,9%-ға артқан.

Машина жасау саласында өсім 23,3%-ды құрады. Бұған көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, электр тауарлары мен жабдықтарын өндіру көлемінің ұлғаюы әсер еткен.

Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп көлемі 2,3 есе өсті.

Бұдан бөлек:
– жиһаз өндірісі – 41,7%-ға;
– фармацевтика – 35,2%-ға;
– құрылыс материалдарын өндіру – 27,7%-ға;
– химия өнеркәсібі – 18,4%-ға;
– азық-түлік өндірісі 14,4%-ға артқан.

Жалпы, жыл басынан бергі төрт айда экономиканың оң динамикасы базалық салалардағы тұрақты өсім есебінен қамтамасыз етілді.

Ең жоғары өсім көрсеткіштері:
– құрылыс саласында – 114,5%;
– көлік және қоймалауда – 112%;
– өңдеу өнеркәсібінде – 109,9%;
– саудада – 105,1%;
– ауыл шаруашылығында – 103,6% болды.

Осылайша, ЖІӨ өсімінің қазіргі құрылымы шикізаттық емес секторлардың, әсіресе құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібі рөлінің күшейгенін көрсетіп отыр.

Айта кетейік, ХВҚ 2031 жылға қарай Қазақстандағы жан басына шаққандағы ІЖӨ 23 мың долларға жетуі мүмкін екенін хабарлады.