Қазақстан экономикасына 2027 жылы 8 трлн теңге бағытталады

АСТАНА. KAZINFORM — «Бәйтерек» холдингі 2027 жылы Қазақстан экономикасына 8 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Қаражат өңдеу өнеркәсібін, инфрақұрылымды, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және тұрғын үй құрылысына бағытталады. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.

Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің директорлар кеңесі отырысын өткізді. Жиын барысында Кеңес холдингтің жылдық бюджетін, басқарма төрағасы мен мүшелерінің 2027 жылға арналған қызметінің негізгі көрсеткіштерін бекітті.

Холдинг қызметі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған инвестициялық тиімділікті арттыру және экономиканың нақты секторын дамыту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруға бағдарланады. Осыған орай алдағы жылға арналған холдинг қызметінің негізгі көрсеткіштері қатарына негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі, қолдау көрсетілген кәсіпорындар кірісі, сондай-ақ олардың экспорттық сатылым көлемі енгізілді.

Фото: Үкімет

— 2027 жылы «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы экономикаға 8 трлн теңгеге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі, инфрақұрылым және агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі шамамен 1,17 трлн теңге болмақ. Холдингтің қатысуымен тұрғын үй секторында 2,7 млн шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, — деп хабарлады Үкіметтен.

Жобаларды қаржыландыру үшін холдинг нарықтан қаражат тартуды жалғастырады. 2027 жылы мемлекеттік емес қаржы көздерінен алынатын ақша қарыздардың жалпы көлемінің 54%-ын құрайды деп болжануда. Екінші деңгейлі банктердің мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана отырып, бизнесті қаржыландыруға қатысуы өз алдына бөлек бағаланатын болады.

Фото: Үкімет

Бұл шешімдердің негізінде Директорлар кеңесі тамыз айында мақұлдаған холдингтің 2033 жылға дейінгі жаңартылған даму жоспары жатыр. Оның басымдықтарының бірі — жаңа өндірістерді іске қосатын немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыратын кәсіпорындар үшін мүмкіндіктерді кеңейту. «Бәйтерек» осы жобаларды қаржыландыруға банктер мен жеке инвесторларды тартатын болады.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Холдингтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі, ішкі аудит және сатып алу рәсімдерін бақылау жұмысының тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жүктелген міндеттерді орындауда формальды тәсілге жол бермеудің және Холдинг қызметінің тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.

Еске сала кетейік, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі биыл тоғыз айда экономикаға 8,7 трлн теңгеге қолдау көрсетті. Бұл жылдық жоспардың 90 пайызына тең.