Қазіргі уақытта Қазақстан Жерді қашықтан зондтау жобасына үш елдің қатысуы жөнінде келісімге келді.
— 2030 жылға қарай жерді бақылауға арналған тоғыз спутниктен тұратын халықаралық топ құруды жоспарлап отырмыз. Оның құрамына Қазақстанның алты спутнигі, сондай-ақ Моңғолия, Конго Республикасы және Нигерияның спутниктері кіреді. Біз жаңа серіктестермен ынтымақтастыққа ашықпыз және спутниктік топты 14 аппаратқа дейін кеңейту мүмкіндігін көріп отырмыз, — деді Жаслан Мәдиев Space Days Kazakhstan халықаралық форумында.
Сонымен қатар Қазақстан KazSat-3 спутнигін жаңа KazSat-3R аппаратына ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрдің айтуынша, бұл ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және оның заманауи технологиялық талаптарға сәйкестігін сақтау үшін қажет.
Министр ғарыштық инженерияның дамуы туралы да айтты. Астанада ғарыш аппараттарын құрастыру және сынақтан өткізуге арналған кешен жұмыс істейді.
— Бұл кешен ғарыш аппараттарын құрастыруға, негізгі сынақтарды жүргізуге, ұлттық инженерлік базаны дамытуға және халықаралық өндірістік жобаларға қатысуға мүмкіндік береді, — деп атап өтті министр.
Бұған дейін Жаслан Мадиев Қазақстан ғарыштық технологияларды экономиканың, мемлекеттік басқарудың және азаматтардың нақты қажеттіліктерін шешуге бағыттауы керек екенін айтқан еді.