Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы аталып өтті.
1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған Академияның сексен жылдық тарихы — отандық ғылымның қалыптасуы мен өркендеуінің, іргелі ғылыми мектептердің орнығуы мен бірнеше буын ғалымдардың қажырлы еңбегінің шежіресі. Мерейтойлық жиын осы бай ғылыми мұраны бүгінгі технологиялық жаңғырумен сабақтастырып, Қазақстан ғылымының болашақ даму бағдарын айқындайтын халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғасы болды.
Салтанатты жиынға мемлекеттік органдар мен шетелдік ғылым академияларының басшылары, Академия мүшелері, жетекші отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастығының өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары, халықаралық әріптестер және жас зерттеушілер қатысты.
Қатысушыларға Академияның негізгі жетістіктері мен отандық ғылымның даму кезеңдерін қамтитын мультимедиалық таныстырылым ұсынылды. Бағдарламаның ерекше сәттерінің бірі — Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың 3D-голограммасының көрсетілуі болды.
Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған арнайы Құттықтау хатын оқып берді. Президент өз құттықтауында Қаныш Сәтбаев негізін қалаған Академияның отандық ғылымды дамытудағы тарихи рөліне тоқталып, оның еліміздің индустриялық, экономикалық және зияткерлік әлеуетін нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өткен.
— Биыл бірінші шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда алғаш рет адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны өркендету мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді, — делінген Президент құттықтауында.
Бұл өзгерістер ғылымды мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде орнықтырып, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға, жаңа технологияларды дамытуға және отандық ғылыми әлеуетті нығайтуға берік негіз қалыптастырып отыр.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық ғылым академиясын 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, оның отандық ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи үлесін атап өтті. Министр ғылымның елдің зияткерлік әлеуетін арттырудағы, экономиканы жаңғыртудағы және технологиялық тәуелсіздікті нығайтудағы стратегиялық маңызын ерекше атады.
Салтанатты жиынды ҚР ҰҒА президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев жүргізіп, негізгі бағдарламалық баяндама жасады. Академияның жаңа мәртебесі аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы стратегиялық міндеттерді таныстырды. Қазіргі кезеңдегі басты мақсат — ғылымды жекелеген зерттеулер жиынтығынан ел экономикасының нақты қажеттіліктеріне жауап беретін, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге бағытталған біртұтас жүйеге айналдыру.
Академияның бастамасымен өткізілген 75-тен астам өңірлік және салалық форсайт-сессия нәтижесінде 220-ға жуық перспективалы міндет анықталды. Осы негізде технологиялық тәуелсіздікті нығайтуға, іргелі зерттеулерді дамытуға және жаңа ғылыми құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған ғылыми басымдықтардың төрт деңгейлі моделі ұсынылды. Аталған модель Үкімет тарапынан қолдау тауып, оны 2027 жылдан бастап қолдану көзделген.
Сонымен қатар, Академия су ресурстарын басқару, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық маңызды минералдар, энергетикалық материалдар, ауыл шаруашылығы селекциясы және биотехнологиялар бағыттары бойынша флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерге енгізу, Qazaqstan AI for Science ұлттық зерттеу экожүйесін дамыту және Қазақстанның ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық даму стратегиясын әзірлеу де негізгі басымдықтардың қатарында.
ҚР ҰҒА президенті ғылымның жаңа даму кезеңінде тұрақты әрі ұзақмерзімді қаржыландыру жүйесін қалыптастырудың, ғылыми ұйымдардың дербестігін кеңейтудің және зерттеу нәтижелерінің экономикалық тиімділігін арттырудың маңызын атап өтті.
— Академияның сексен жылдығы — оның тарихи мұрасы мен жаңа жауапкершілігі тоғысқан маңызды белес, — деп атап өтті А.Күрішбаев.
Мерейтойдың маңызды оқиғаларының бірі — ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының бес жас ғалымына Мемлекет басшысынан тұрғын үй сертификаттарының салтанатты түрде табысталуы. Бұл — ғылым жолын таңдаған жас мамандарға көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаудың және олардың ғылыми қызметпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасаудың нақты көрінісі.
Салтанатты жиын аясында Қытай, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдері ғылым академияларының басшыларына ҚР ҰҒА-ның 80 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.
Салтанатты жиын аясында алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен бірлесіп әзірленген «ҚР ҰҒА — 80 жыл» тарихи-құжаттық көрмесінде Академияның құнды, бұрын соңды көрсетілмеген архивтік құжаттар мен суреттермен, Академияның қалыптасу кезеңдері, көрнекті ғалымдар мен ғылыми мектептердің мұрасы таныстырылады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық марапаттарымен отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан жетекші ғалымдарды алғаш рет «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапаттады. Марапаттау рәсімі ғылыми жетістіктерді дәріптеуге, отандық ғалымдардың еңбегін бағалауға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы — отандық ғылымның тарихи жетістіктерін ұлықтаумен қатар, мемлекеттің ғылымға деген стратегиялық қолдауын, ғылыми ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстанның жаңа ғылыми-технологиялық даму кезеңіне қадам басқанын айшықтаған маңызды белес.
Бұған дейін елімізде ғылымға бөлінетін қаржы жеті жылда 3,6 есе өскенін жаздық.