Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына 126 адам кірді. Олардың өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды. Кеңес үш бағыт бойынша әрқайсысынан 42 мүшеден қалыптастырылады:
этномәдени бірлестіктерден;
ірі қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан;
мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден.
Қазақстан Халық Кеңесінде еліміздің барлық өңірі өкілдік етеді.
ҚХК құрамында мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден қанша адам бар?
Өкілді органдардан Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына 20 мәслихат депутаты кірді. Олардың бесеуі мәслихат төрағасы: екеуі республикалық маңызы бар қалалардың, үшеуі облыстардың мәслихатын басқарады.
Олардың кейбірінің негізгі қызметі де бар. Атап айтқанда, Кеңес құрамында аурухана, кітапхана, металлургия зауыты, спорт клубы, спорт федерациясы және Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесін басқаратын адамдар бар.
Қазақстан Халық Кеңесінің тағы 22 мүшесі облыстық және қалалық қоғамдық кеңестердің өкілдері. Олардың төртеуі қоғамдық кеңес төрағасы.
Парламенттегі тәжірибесі барлар
Қазақстан Халық Кеңесінің 16 мүшесінің Парламентте жұмыс тәжірибесі бар. Оның 13-і Мәжілісте, төртеуі Сенатта жұмыс істеген. Бір адам Парламенттің қос палатасында да депутат болған.
Көпшілігі Парламенттің соңғы шақырылымдарынан келген: тоғыз адам — VIII шақырылым Мәжілісінен, үшеуі — Сенаттың соңғы құрамынан. Тағы төрт адам Парламенттен өкілеттік мерзімі аяқталмай тұрып кеткен.
ҚХК құрамында тағы кімдер бар?
Консультативтік орган құрамына 40 әйел мен 86 ер адам кірді. Әйелдердің үлесі — 31,7%. Сонымен қатар Кеңес құрамында түрлі этнос өкілдерінің саны 46 адамды, яғни 36,5%-ды құрайды.
Олардың арасында ғалымдар, оның ішінде Ұлттық ғылым академиясының үш академигі, сондай-ақ педагогтер, дәрігерлер, журналистер, жазушылар, адвокаттар, кәсіподақ жетекшілері мен кәсіпкерлер бар.
Кеңес құрамына Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және спорт федерацияларының басшылары да кірді. Сондай-ақ екі бұрынғы министр мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған үш азамат бар.
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Кеңес мүшелерінің толық тізімімен осы жерден танысуға болады.
Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы 23–24 қыркүйекте Астанада өтеді. Оны өткізу туралы тиісті өкімге Қазақстан Президенті қол қойған.