Қазақстан халқы үміт артып отыр – балуан Мейрамбек Қартбайдың анасы
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Еркін күрестен Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2019, 2020, 2021 жылдардағы ҚР чемпионатының 1-орын иегері Мейрамбек Қартбай бірер күнде Париж Олимпиадасында бақ сынайды. Анасы Айна Қартбаева ұлының жетістіктері туралы сөз қозғап, оның бозкілемдегі жарысын тікелей эфир арқылы қарайтынын айтты.
Мейрамбек Қартбай Қази мен Айна Қартбаевтардың отбасында өмірге келген. Ол – төрт баланың ішінде екіншісі.
2009 жылдан бері еркін күреспен айналысып жүрген Мейрамбек 2012 жылы Есет батыр атындағы мектеп-интернатқа түсіп, Медет Атабаевтың жетекшілігімен жаттықты. Ал, 2016 жылы Алматы облысындағы республикалық спорт колледжіне оқуға түсті. Кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білім алды. Жаттықтырушылары – Шоқан және Дархан Ділмағамбетовтар. Алғашқы жаттықтырушысы Ғизат Түсіпбаев болды.
– Балам ауылға көп келмейді. Азия чемпионатынан үшінші орын алғанда жаттықтырушысы шақырып, уақыт тауып келді. Онда да кездесуге барып, жастарға ақыл-кеңесін берді. Өзім телефон арқылы байланысып отырамын. 3-4 айда, кейде жарты жылда бір көреміз. Ақтөбеде де сирек болады. Көбіне Алматыдағы оқу-жаттығуда, жарыстарда жүреді. Париж Олимпиадасына жолдама алған кезде өзі телефон шалып, «Мама, сүйінші! Жақсы жаңалығым бар. Олимпиадаға жолдама алдым» деп айтты. Азия чемпионатынан үшінші орын алғанын үйдегі балам хабарлады. Ол кезде көп мән бермей, «үшінші орын да жақсы» деп айттым. Ата-ана болған соң барған жерінде жүлделі болғанына қуанамыз. Ал, Олимпиаданың орны бөлек. Жақсы жүлдемен оралса екен деп тілейміз. Ата-ананың бар тілегі сол. Қазақстан халқы үміт артып отыр. Қлымның жарысқа шыққан кезін теледидардан қарай алмаймын. Бәрін үйдегі балам жеткізеді. Қазіргі уақытта балабақшада аспаз болып жұмыс істеймін. осы жолы Мейрамбегім Олимпиада ойындарында жарысқа шыққан күні оның бәсекесін қарайын деп отырмын, - деді Айна Қартбаева.
Анасының айтуынша, Мейрамбек Қартбай өте белсенді, әрі ол түрлі мәдени іс-шараларға қатысқанды ұнатады екен.
– 14 жасынан бастап сыртта жүрген бала. Оқу-жаттығуда, жарыста жүрген соң көп мазалай бермейміз. Біз тек тілекшіміз, - дейді Айна Қартбаева.
Айта кетейік, Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасына жолдаманы кеш алды. 57 келі салмақтағы балуан Олимпиадада топ жаруды армандайды.