Қазақстан халқы Ассамблеясының оң тәжірибесін Украинада да қолдануға болады - О.Демин, елші

ОРАЛ. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Олег Демин мен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстандағы украиндар радасы одағының президенті Юрий Тимощенко екі күндік жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысында болды.

Мәртебелі меймандар сапарының алғашқы күні украин диаспорасы, өңірдегі ұлттық-мәдени орталықтар өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездессе, бүгін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында болып, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы сессиясына қатысты. Сондай-ақ Оралдағы Тарас Шевченко атындағы көшеде ұлы украин ақынына арналған ескерткіш тақта ашылды.

«Біздің мұнда келгендегі бірінші мақсатымыз украин диаспорасының тыныс-тіршілігімен танысу еді. Жалпы, бізді Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы қызықтырады. Облыстағы және республикадағы сессияларына қатысып, ой түйдік. Меніңше, ассамблея тәжірибесін оқып-үйреніп, Украинада қолданып көруге болады. Өйткені халық бірлігі мен ынтымағы қашанда маңызды. Екіншіден, біз облыс басшысымен жүздесіп, Украина мен БҚО арасында өзара қарым-қатынасты нығайту мәселелерін талқыладық. Бірлескен кәсіпорындар құрып, инвестиция тарту мәселесі сөз болды. Гуманитарлық, мәдени байланыстар да ұмыт қалған жоқ. Мәселен, Оралда Сорочин жәрмеңкесі өткізіледі екен. Бұл украиндардың халықтық мерекесі ғой. Болашақта мұны бірлесіп ұйымдастыруға болады. Сөйтіп халықтық дипломатияны дамытуға да толық негіз бар», - деді О.Демин ҚазАқпарат тілшісіне.