Министрдің айтуынша, аралас жүк тасымалын тиімді жүзеге асыру мақсатында заңнамалық деңгейде аралас тасымалдар операторы анықталады. Атап айтарлығы, оның қызметін кез-келген азаматтық немесе заңды тұлғалар, жүкті сақтауға және жеткізуге толық жауапкершілікті мойнына алатын экспедиторлар атқара алады. Контейнерлік жүк тасымалын дамыту мақсатында магистральдық теміржол желілерінің қызметін табиғи монополияға жатқызу жөніндегі тәсілдемені қайтадан қарау ұсынылған. Өйткені қазіргі кезде жүктерді контейнермен тасымалдау ең тиімді, келешегі зор тасымалдың түріне айналуда. «Мысалы, Қытай-Еуропа бағытындағы контейнерлік жүк тасымалының көлемі қайтадан бағытталған жүк ағыны есебінен өсіп келеді. Бұл жердегі жүктер теңіз көлігінен теміржол көлігіне ауыстырылуда. Ағымдағы жылдың 7 айында аталған жүк тасымалының көлемі 3 есеге дейін күрт өсті»,- деп мысал келтірді Әсет Иесекешев.
Сонымен қатар, аталған заң жобасында «авиациялық хаб» деген ұғым енгізіліп, оның аэровокзалына қойылатын талаптар белгіленген. Министрдің баяндамасында келтірілген мәліметтер бойынша, 2014 жылы бүкіл әлемде әуе көлігімен тасымалданған жүктердің көлемі 51,3 млн. тоннаны құраса, соның ішінде 10 млн. тоннасы (19,6 пайызы) «Азия-Еуропа» бағытының үлесіне тиеді екен. Соның ішінде Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы тасымалданатын жүктердің көлемі жылына 1,5 млн. тоннаны құрайды, соның 90 мың тоннасы еліміздегі әуежайларда қайта өңделеді, яғни, барлық жүк тасымалының 6 пайызын құрайды. Әсет Исекешевтің айтуынша, әуе тасымалының әлеуетін толық пайдалану мақсатында еліміздің заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізу қарастырылуда. Бұл өзгерістер жүк тасымалы кезіндегі электрондық құжат айналамын енгізуді, жүктердің әуе транзиті бойынша Қазақстандағы халықаралық әуежайларға бірыңғай талаптар мен технологиялық рәсімдерді бекітуді көздейді. Мұндай өзгеріс жүктерді өңдеу жылдамдығын 10 күннен 4 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Әсет Исекешев бұған дейін Қазақстанда екі халықаралық хаб: Алматы мен Астанада құрылатынын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, азаматтық авиация саласында екі үлкен жоба жүзеге асырылады. Алғашқысы - Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік әлеуетті пайдалану үшін Алматыда жаңа халықаралық хаб құрылады. Бұл хабты құру жөніндегі тұжырымдама шетелдік сарапшылармен бірге талқыланып, 2015 жылдың қазан айында инвесторлармен келіссөздер жүргізіледі. Екіншісі - Қазақстандағы халықаралық қаржы орталығының жұмысына және ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қажетті Астанадағы хаб. Бұл орайда министрлік әуедегі рейстердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған институционалдық реформалар жүргізуге ниеттеніп отыр. Ең алдымен, әуе тасымалдарын тариф бойынша реттеу қызметін өкілетті орган - Азаматтық авиация комитетіне беру жоспарланған. Содан соң, Азаматтық авиация комитетінің қызметін Британдық азаматтық авиация агенттігі моделіне өзгерту қарастырылуда. Ол үшін шетелдік мамандар шақырылып, кадр дайындау, техника қауіпсіздігі сияқты мәселелер түпкілікті талқыланады. Әсет Исекешевтің айтуынша, қазіргі кезде алдыңғы қатарлы әлемдік агенттіктермен келіссөздер басталып үлгеріпті. - Біздің есептеуімізше, 2016 жылы шетелдік мамандар осы бағыт бойынша жұмысқа кіріседі. Ал мұндай қадам 2020 жылға қарай Қазақстандағы әуе қауіпсіздігінің ИКАО-ның стандарттарына сәйкестік деңгейін 64-тен 80 пайызға дейін көтеруге жол ашады,- деп мәлімдеді министр.