Қазақстан қалаларында қант бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде сұранысы жоғары әлеуметтік тауардың бірі – қант. Қазақстан қалаларында оның бағасы әртүрлі. Kazinform агенттігінің тілшісі қант бағасын салыстырды. Ең арзан және ең қымбатының арасындағы айырмашылық кей өңірде 50% болды.

Коллаж: Kazinform/ЖИ

Келілеп сатылатын қант бағасына логистика, жергілікті өндірушінің бар-жоғы және өңірлердегі қосымша үстемеақы әсер етеді.

Еліміз бойынша арзан қант Талдықорған (380 тг/кг бастап), Орал (390 тг/кг бастап) және Тараз (410 тг/кг бастап) қалаларында сатылып жатыр. Оңтүстік өңірлерде зауыт бар және сақтандыру қорына тікелей жеткізіледі.

Ал ең жоғары баға еліміздің батысында, сондай-ақ оңтүстігінде тіркелді. Қант бағасы Атырау қаласында қымбат. Келісі 600 теңгеден басталады. Шымкент (560 тг/кг дейін), Алматы және Ақтөбе (555 тг/кг дейін) қалаларында да құны жоғары.

Астана мен Ақтау қалаларында келісі – 450 теңге. Сонымен бірге Қарағанды (435–480 тг/кг) және Павлодар (460–500 тг/кг) қаласында осы шамалас.

Инфографика: Kazinform

Инфографикада келілеп сатылатын қант бағасы жазулы. Алайда өзге пішіндегі қантты сатып алса, баға әлдеқайда жоғары болып шығады.

Шақпақ қант. Қорапқа салынған текше пішінді қант бағасы әлдеқайда қымбат болып келеді. Қазақстанда оның бағасы құмшекерге қарағанда орта есеппен 30-50% жоғары және дүкен сөресінде келісі 700-850 теңгеге шығады.

Құрақ қант. Бұл өнімді көбіне қантты алмастыру үшін сатып алады. Азия және Латын Америкасы елдерінен импортталатын өнім бағасы әлдеқайда қымбатқа шығады. Алматы және Астана қалаларындағы «экзотикалық» қант бағасының келісі 1 500–2 500 теңге болып тұр.

Өңірлерде қант бағасы тасымалдау құны мен жергілікті сауда желілерінің ұстанымына қарай өзгеріп отырады. Еліміздің оңтүстігінде зауыт бар және соған сай баға төмен. Ал батыс өңірлері қантты импорттайды. Сондықтан мұндағы баға жоғары.

Бұған дейін Қазақстандағы таңқурай мен қарақат бағасы жазылды.