Қазақстан қалаларында мандарин бағасы қаншадан
Kazinform агенттігінің тілшісі Жаңа жыл мейрамы қарсаңында мандарин бағасы қанша екенін білді.
Бірер аптадан соң Жаңа жыл мейрамы тойланады. Демек мандаринге сұраныс артады. Қазір дүкен мен супермаркет сөрелері цитрус өнімдеріне толы. Бәрі де өзге елден әкелінген. Баға да соған сай өзгеріп тұр.
Қазір елімізге мандарин Түркия, Өзбекстан, Пәкістан, Иран, Қытай мен Мароккодан тасымалданады. Сатушылардың айтуынша, олардың ішінде Қытай мен Түркия елінің өнімдеріне сұраныс артқан. Өзбекстан цитрусының хош иісі бар, ал мароккалық өнім бағасы жоғары.
Мандарин бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Өндіруші елдегі өнім шығыны, логистика мен валюта бағамы, маусымдық сұраныс (Жаңа жылға қарай баға көтеріледі) және сұрпына қарай баға өзгереді. Дәмі тәтті және қабығы жұқа цитрус әдетте қымбат.
Мандарин – С дәріменіне бай. Қыста иммунитетті нығайтады. Сонымен бірге жеміс ас қорытуды жақсартады, адам бойындағы сұйықтықты қалпына келтіреді, ал эфир майы адамды сергітеді.
Бағаны салыстырған кезде Түркия және Қытайда өсірілген мандаринді мысалға алдық.
Таразда түрік цитрусының бағасы арзан. Мұнда келісі – 700 теңге. Ал Қарағандыда – 900 теңге. Сонымен бірге Петропавл, Жезқазған мен Астанада (1 000 теңгеден басталады) баға төмен. Ал Шымкентте Түркиядан жеткізілген мандарин бағасы сәл жоғары. Келісі 1 100 теңгеден басталады. Ал Ақтөбеде 1 150 теңгеден салып алуға болады.
Павлодар, Көкшетау мен Оралда мандариннің орташа бағасы – 1 300 теңге. Алматы, Талдықорған, Қызылорда мен Түркістанда түрік цитрусының келісі – 1 500, ал Қостанайда – 1 600 теңге. Түркиядан әкелінген мандариннің ең қымбаты Семей мен Өскеменде сатылады. Мұнда келісі – 1 800 теңге.
Қытайдан тасымалданған мандарин бағасы одан сәл төмен. Ең арзаны Қызылорда қаласынан табылды. Мұнда келісі – 700 теңге. Ал Түркістан мен Шымкентте баға 800 теңгеден басталады. Қытайлық мандарин бағасы Петропавлда – 900, ал Алматыда 999 теңгеден басталады.
Қазіргі кезде Қытайдан тасымалданған мандарин бағасы көп қалада 1 000 – 1 200 теңге болып тұр. Мұндай бағадағы цитрусты Қарағанды, Қостанай, Астана, Тараз, Көкшетау, Талдықорған, Жезқазғаннан табуға болады. Ал Семей мен Өскеменде мандарин бағасы келісіне – 1 300, Ақтөбеде 1 400 теңгеден басталады. Еліміз бойынша ең қымбат мандарин Орал (1 694 тг басталады) және Павлодар (1 700 тг басталады) қалаларында сатылады.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздегі соғым бағасын білдік.