Бұл сұраққа Kazinform тілшісі жауап іздеп көрді.
Майлы радиатордан бастап конвекторға дейін
Ел нарығында қуаты, құрылымы және жұмыс істеу принципі әртүрлі жылытқыштар ұсынылған. Құрылғыны таңдау кезінде электр сымдарының жай-күйін, бөлменің аумағын және жылытқышты қанша уақыт пайдаланатыныңызды ескерген жөн.
Ең көп таралған құрылғылардың бірі – майлы радиатор. Оның басты артықшылығы – электр қуатынан ажыратылғаннан кейін де жылуды ұзақ уақыт сақтай алуы. Мұндай құрылғылар дыбыссыз жұмыс істейді және бөлмені ұзақ уақыт жылытуға қолайлы.
Тағы бір кең таралған түрі – жылу желдеткіші. Ауаны айналдыру арқылы бөлмені жылдам жылытады. Мұндай құрылғылар шағын, алып жүруге ыңғайлы әрі жылытқыштардың басқа түрлеріне қарағанда арзанырақ болады. Дегенмен оларды әдетте қысқа мерзімді жылыту үшін пайдаланады. Себебі құрылғыны өшіргеннен кейін бөлме ауасы біртіндеп салқындайды.
Сатылымда электр конвекторлары да бар. Олар өзінен өтетін ауаны қыздырады және дыбыссыз жұмыс істейді. Алайда құрылғыны өшіргеннен кейін бөлме температурасы салыстырмалы түрде тез төмендеуі мүмкін.
Инфрақызыл жылытқыштар да бар. Олар жылуды тікелей адамға бағыттайды. Сондықтан жылу әсері бірден сезіледі. Мұндай құрылғылар белгілі бір аумақты жылытуға қолайлы.
Бағаларды салыстыру үшін Kazinform тілшілері жылытқыштардың екі түрін таңдады. Олар – бағасы қолжетімді құрылғылардың бірі саналатын жылу желдеткіштері және кеңінен таралған майлы радиаторлар.
2 мыңнан 15 мың теңгеге дейін: жылу желдеткішін таңдаймыз
Қазақстанда жылу желдеткіштерінің орташа бағасы 6-7 мың теңге шамасында. Құны қалаға, сауда орнына және құрылғының техникалық сипаттамаларына байланысты құбылады. Дүкендерден Қытайда шығарылған салыстырмалы түрде арзан үлгілерді де кездестіруге болады.
Ең төмен баға Қостанай қаласында тіркелген. Мұнда жылу желдеткіштерін 2 мың теңгеден бастап сатып алуға болады. Таразда олардың бағасы 3 мыңнан 10 мың теңгеге дейін жетсе, Семейде ең төменгі құны – 3 800 теңге.
Орал мен Түркістанда баға 4 мың теңгеден басталады. Өскеменде жылу желдеткіштерін 4 500 теңгеден сатып алуға болады. Ал Петропавлда олардың құны 4 800 теңгеден 10 мың теңгеге дейін барады.
Алматы мен Шымкентте жылу желдеткіштерінің бағасы 5 500-15 мың теңге аралығында.
Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда, Ақтау және Астана қалаларында мұндай құрылғылардың ең төменгі бағасы – 6 мың теңге.
Көкшетауда жылу желдеткіштері 6 300-9 800 теңге аралығында сатылып жатыр. Жезқазған мен Талдықорғанда бағасы 6 500 теңгеден басталады. Ал Атырауда мұндай құрылғыларды 7-10 мың теңгеге сатып алуға болады.
Төменде әр қаладағы жылу желдеткіштерінің бағасы инфографика түрінде ұсынылған.
Майлы радиатор таңдаймыз: қалалар бойынша бағаларға шолу
Майлы радиаторлардың бағасы жылу желдеткіштеріне қарағанда едәуір қымбат. Дегенмен төмен баға әрдайым тиімді сатып алу дегенді білдірмейді. Арзан үлгілер шағын бөлмелерді жылытуға ғана арналған болуы мүмкін. Сондықтан құрылғыны таңдағанда оның құнына ғана емес, қуатына да назар аударған жөн.
Ең қолжетімділері Қостанай қаласында тіркелген. Мұнда майлы радиаторлардың бағасы 8 мыңнан 25 мың теңгеге дейін құбылады. Ақтауда олардың құны 10 мың теңгеден басталып, 30 мың теңгеге дейін жетеді. Шымкентте ең төменгі баға – 12 мың теңге. Ал Орал, Тараз және Түркістан қалаларында майлы радиаторларды 14 мың теңгеден бастап сатып алуға болады.
Жезқазғанда майлы радиаторлардың бағасы 14 500 теңгеден 45 мың теңгеге дейін өзгереді. Астана, Семей, Қарағанды, Қызылорда және Петропавл қалаларында осындай құрылғылардың құны 15 мың теңгеден басталады.
Павлодар мен Алматыда ең төменгі баға – 16 мың теңге. Талдықорған мен Атырауда майлы радиаторларды 18 мың теңгеден бастап сатып алуға болады.
Бастапқы бағасы ең жоғары қалалардың бірі – Өскемен. Мұнда майлы радиаторлар 19 500-40 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Ал Ақтөбе мен Көкшетауда мұндай жылытқыштардың бағасы 20 мың теңгеден басталады.
Қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет?
Жылытқышты таңдағанда оның бағасы мен тиімділігіне ғана емес, пайдалану қауіпсіздігіне де мән берген жөн. Электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау күйік шалуға, ток соғуға, тіпті өрт шығуына себеп болуы мүмкін.
Ең үлкен қауіптің бірі – өрт. Сондықтан жылытқыштарды перде, жиһаз, төсек-орын және тез тұтанатын басқа да заттардың жанына қоюға болмайды.
Балалардың қауіпсіздігін де естен шығармаған жөн. Кейбір жылытқыштардың сыртқы беті жұмыс кезінде қатты қызады. Сол себепті құрылғыларды кішкентай балалардың қолы жетпейтін жерге орналастыру қажет.
Электр сымдары мен розеткалардың жағдайына да ерекше назар аудару керек. Қуаты жоғары жылытқыштар электр желісіне қосымша салмақ түсіреді. Желіге шамадан тыс күш түскен жағдайда розеткалар қызып, балқуы мүмкін. Сондай-ақ автоматты қорғаныс ажыратқыштары іске қосылуы ықтимал.
Мамандар жұмыс істеп тұрған жылытқыштарды қараусыз қалдырмауға және ұйықтар алдында міндетті түрде өшіруге кеңес береді. Осы қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау өрт пен басқа да оқыс жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстандағы ең арзан және қымбат қазы қайда сатылатындығы жайлы жазғанбыз.