Қазақстан Кавказ аймағындағы негізгі әріптесімен тығыз байланыста

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Закир Ариф Оглы Гашимовты қабылдады.

Кездесу барысында Қазақстан мен Әзірбайжанның екіжақты қатынастарын одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасылды.

- «Біз Кавказ аймағындағы негізгі әріптесіміз - бауырлас Әзірбайжанмен екіжақты қатынастарды жоғары бағалаймыз»,- деді Қ.Мәми.

Мемлекетаралық өзара іс-қимылды тереңдетуде парламенттердің рөлін ерекше атап өтіп, Қ.Мәми түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) аясындағы ынтымақтастықты одан әрі белсенділендіру жайында айтты.

Биылғы 30-31 мамырда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезі өтетіні туралы хабарлаған төраға оған Кавказ мұсылмандары Діни басқармасы басшылығының да қатыспақ жоспарын атап өтті.