Қазақстан Кениямен ықпалдастығын бекемдей түсуге ниетті — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Кениямен ықпалдастығын бекемдей түсуге ниетті. Бұл туралы елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутомен келіссөздерден кейін БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

— Бұл — Кения басшысының елімізге жасаған алғашқы сапары. Осы тарихи сапар қос мемлекеттің ынтымақтастығын жаңа белеске көтереді деп сенеміз. Кения — Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі және сенімді сауда серіктесінің бірі. Біз екі елдің ықпалдастығын одан ары бекемдей түсуге ниеттіміз. Кения Республикасы соңғы жылдары дамудың даңғыл жолын шықты, — деді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Шығыс Африканың жауһары саналатын бұл ел қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа салаларда елеулі жетістікке қол жеткізді. Найроби қаласы маңызы халықаралық дипломатия орталығы саналады. Мұнда БҰҰ-ның бірнеше құрылымы тиімді жұмыс істеп тұр.

— Жалпы, алғанда, Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді. Бұл Президент Рутоның сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының нәтижесі деп білеміз. Біз былтыр Найробиде өз Елшілігімізді аштық. Бұл шешім Қазақстанның Кенияға шынайы ықыласы мен достығын аңғартады. Жалпы, бұл — Қазақстанның Африка құрлығындағы алтыншы дипоматиялық өкілдігі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоны Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өткен еді.