Қазақстан Қырғызстандағы селден зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізді

ОШ. KAZINFORM —  «Biz Birgemiz Qazaqstan» қазақстандық қоғамдық қоры селден зардап шеккен қырғызстандықтарға қолдау көрсету үшін 40 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Фото: видеодан кадр

Қырғызстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 19 шілде күні таңертең жүк көліктері қазақ-қырғыз шекарасынан өтіп, Ош облысына бет алады. Гуманитарлық көмек құрамында азық-түлік өнімдері – ұн, қант және басқа да өнімдер, ең қажетті тауарлар, сондай-ақ гигиеналық заттар бар.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде Ош қаласы мен Ош облысында жойқын сел болып, салдарынан 5 адам қаза тапты. Мады, Датка және Баш-Булак елді мекендерінде 642 тұрғын үй, төрт мектеп, балабақша, екі аурухана, мұражай және медициналық пункт су астында қалды. Ошта 146 тұрғын үй мен балабақша зардап шекті.