Журналистер Қазақстаннан Қырғызстан мен Ресей бензин сұрап отырғаны, сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстарына байланысты жабылғаны туралы сұрады.
Вице-министр Қырғызстан тарапынан отын жеткізу бойынша ресми сұраныс түскенін айтты.
— Ресей Федерациясы тарапынан бізге ешқандай ресми сұраныс келген жоқ. Ал Қырғызстан тарапынан ресми өтініш түсті. Қазір оны қарастырып жатырмыз. Барлық шешім ұлттық мүдделерімізді ескере отырып қабылданады, — деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Оның айтуынша, көрші елдердің сұранысына байланысты қабылданатын шешімдер Қазақстанның ішкі нарығындағы жанар-жағармай бағасының күрт өсуіне әсер етпейді.
— Қандай да бір сұраныстар біздің ішкі нарықтағы жанар-жағармай бағасының кенеттен өсуіне жол бермейді. Бұл мәселе ішкі нарықтағы теңгерімді ескере отырып шешіледі, — деді ол.
Вице-министр Қырғызстанның өтініші жақын арада жан-жақты қаралып, тиісті жауап берілетінін атап өтті.
Сонымен қатар брифинг барысында журналистер Теңіз кен орнындағы техникалық мәселелерге байланысты газ өндірісінің төмендеуі ішкі нарыққа әсер ете ме деген сауал қойды.
Қайырхан Тұтқышбаев жылдың басынан бері Теңіз кен орнында бірқатар техникалық ақау болғанын растады. Соның салдарынан мұнай және газ өндірісінің көлемі төмендеген.
— QazaqGaz ұлттық компаниясы тиісті шараларды қабылдағаннан кейін ешқандай шектеу немесе газ тапшылығы болған жоқ. Сол себепті мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін қазіргі таңда Теңіз кен орнының құрылтайшыларымен тиісті жұмыс жалғасып жатыр, — деп толықтырды вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның ішкі нарығында газ тапшылығы болуы мүмкін деген болжам жоқ.
Айта кетейік, Ресей Қазақстанға отын сатып алу туралы өтініші жайлы жазғанбыз.