Қазақстан қыркүйек айында бес тонна алтын сатып алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан 2026 жылғы қыркүйекте халықаралық резервтерін толықтыру үшін бес тонна алтын сатып алды. Бұл туралы Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council, WGC) есебінде айтылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Pixabay

Ұйымның мәліметінше, Қазақстан әлемнің орталық банктері арасында алтынды ең көп сатып алған елдердің қатарына енді. Қыркүйек айында ең көп алтын сатып алған елдер — Польша мен Қытай. Олар тиісінше 25 және 23 тонна алтын қорын толықтырған.

Сондай-ақ қыркүйекте Өзбекстан (+7 тонна), Иордания (+4 тонна), Чехия (+2 тонна) және Боливия (+1 тонна) да алтынды таза сатып алушылар қатарында болды.

Жалпы, әлемнің орталық банктері қыркүйек айында 61 тонна алтын сатып алды. Бұл — 2026 жылдың басынан бергі ең жоғары айлық көрсеткіш.

Ал жыл басынан бері әлемнің орталық банктері алтынды таза сатып алу көлемін 228 тоннаға жеткізді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға аз.

Бұған дейін Дубайда салмағы 16,5 келі тартатын алтын сырға Гиннестің рекордтар кітабына енгенін жазған болатынбыз.