Дубайда салмағы 16,5 келі тартатын алтын сырға Гиннестің рекордтар кітабына енді

АСТАНА. KAZINFORM – Joyalukkas Jewellery зергерлік компаниясы салмағы 16,514 келі болатын алтын сырғалар жұбын жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл – әлемдегі ең ауыр алтын сырғалар жұбы, деп хабарлайды Guinness World Records ұйымы.

Дубайда салмағы 16,5 келі тартатын алтын сырға Гиннестің рекордтар кітабына енді
Фото: Canva, instagram.com/joyalukkas_me

Рекорд осы жылғы 12 қазанда Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында тіркелді.

Үлкен сырғалар үнді мәдениетіне тән дәстүрлі джхумки әшекейінің үлкейтілген нұсқасы ретінде жасалған. Джхумки – қоңырауға ұқсас пішінімен ерекшеленетін дәстүрлі үнді сырғасы. Guinness World Records мәліметінше, Joyalukkas компаниясы бұл бұйымды үнді зергерлік өнерінің шеберлігін көрсету мақсатында әзірлеген.

Компания өзінің ресми Instagram парақшасында сырғаларды «ерекше, қиялдан тыс туынды» деп сипаттап, келушілерді оларды Jewel of Joy by Joyalukkas көрмесінен тамашалауға шақырды.

Компанияның мәлімдеуінше, бұл сырғалар екі әлемдік рекорд орнатқан өнер туындысына айналған. Алайда Guinness World Records ұйымының ресми жазбасында әзірге тек бір рекорд – әлемдегі ең ауыр алтын сырғалар жұбы атағы көрсетілген. Екінші рекордтың қандай екені нақтыланбаған.

Бұған дейін Астанада AI Month аясында өткен халықаралық HackAlem жасанды интеллект хакатонының Гиннестің рекордтар кітабына енгенін хабарладық. Іс-шараға 2 415 адам қатысып, әлемдегі ең ауқымды жасанды интеллект хакатоны ретінде тіркелді.