Ведомствоның мәліметінше, ұзындығы 303 шақырымды құрайтын Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда. Теміржол желісіндегі жұмыстарды аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Бүгінде жоба аясында көзделген 39,5 млн текше метр жер төсемінің 36,8 млн текше метрі төселді. Бұл жалпы көлемнің 93%-ын құрайды. Қалған жұмыстардың негізгі бөлігі шекара маңы аймағында және Бақты станциясы ауданында шоғырланған.
Қазіргі уақытта жолдың жоғарғы қабатын тегістеу және жолдың жоғарғы құрылысын төсеу алдында топырақтың тығыздалу сапасын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жасанды құрылыстар салу жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 267 су өткізу құбырының 245-і салынды, 19 мал өткелінің 12-сі дайын. Ал 47 көпірдің 43-інде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дайындау және жеткізу мерзімдерін қысқарту мақсатында көпір арқалықтары тікелей құрылыс алаңында өндіріледі. Бұл ретте оларды сертификаттау және құрылыс нормалары мен қағидаларының (ҚНжЕ) талаптарына сәйкес сапасын бақылау жүзеге асырылады.
Жолдың жоғарғы құрылысын салуға қажетті материалдар отандық өндірушілерден сатып алынуда. Рельстерді Ақтөбе рельс-арқалық зауыты жеткізеді. Шпалдар мен бекіткіштерді «RWS Binding», «Innotrack», «Fasteners 2metall (БЕНТ)» ЖШС-лері және «Магнетик» ЖШС қамтамасыз етеді.
Бағыттамалық бұрмаларды «Проммашкомплект» ЖШС жеткізеді. Аягөз станциясы ауданында құрылыс материалдарын қабылдау және бөлу жұмыстары ұйымдастырылған.
Жобаны іске асыру Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және Қытаймен теміржол қатынасын кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие.
Құрылыстың негізгі нәтижелерінің бірі Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелінің ашылуы болмақ. Жаңа бағыт қолданыстағы Достық және Алтынкөл өткізу пункттеріне түсетін жүктемені азайтуға, жүк ағындарын бөлудің тиімділігін арттыруға және тасымал көлемін ұлғайтуға қосымша мүмкіндік жасауға жол ашады.
Жаңа бағыттың өткізу қабілеті жылына 20 млн тоннаға дейін жүкті құрайды деп күтілуде. Теміржол желісінің іске қосылуы еліміздің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге, отандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізу көлемін арттыруға, қосымша транзиттік жүк ағындарын тартуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 8%-ға артқанын жаздық.