Оған қоса, сұраныс болмағандықтан 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау қарастырылып жатыр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру мазмұны еңбек нарығындағы өзгерістерге сәйкес жаңартылып келеді.
Бүгінде 552 кәсіптік стандарт негізінде 14 494 білім беру бағдарламасы әзірленген. Оның 4 348-і жұмысшы біліктіліктерін қамтиды.
– Қазіргі уақытта оқыту 188 мамандық бойынша жүргізіледі. Алайда cұраныстың болмауына байланысты 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау қарастырылып жатыр. Еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы тізілімнен шығарылды, – деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысының күн тәртібіне жұмысшы мамандықтары бойында кадрлар дайындаудағы жаңа тәсілдер тақырыбы шығарылып отыр.
Бұған дейін Ж. Сүлейменова колледж түлектерінің 90 мыңнан астамы мамандығы бойынша жұмысқа орналасқанын айтқан еді.