АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан конькишілері Ресейдің Кемерово қаласында қысқы спорт түрлерінен өтіп жатқан «Азия балалары» ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Варвара Глухова конькимен жүгіруден масс-стартта мәре сызығын бірінші болып қиды.
Ол 6:11.61 секундта жүгіріп өтті. Беларусь өкілі Палина Севецке күміс, ресейлік Екатерина Островскаяға қола жүлде бұйырды.
Сонымен қатар Денис Мезенцев, Михаил Бровко, Михаил Матрюхин командалық спринтте 1:36.75 секунд нәтижемен екінші орынға ие болды. Мұнда Сібір федералды округі алтын алса, Беларусь конькишілері үздік үштікті түйіндеді.
Қазіргі кезде Қазақстан құрамасы қоржынында 2 алтын, 5 күміс, 5 қола медаль бар.
Кемероводағы «Азия балалары» ойындары ертең мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық шорттрекшінің «Азия балалары» ойындарының чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).