АСТАНА. KAZINFORM - Астанада Билли Джин Кинг кубогы аясында басталған Кореямен плей-офф матчында Зарина Дияс Қазақстанды алға шығарды.
Биыл 31-ге толған З.Дияс әлемдік рейтингіде 383-орында болса, қарсыласы, 22 жастағы Да Ен Бак 314-сатыда еді.
Бірінші партияда кореялық теннисші 6:3 есебімен басым түсті.
Екіншісінде Зарина дәл сондай есеппен есе қайырды - 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Зарина тай-брейкте Бакқа еш мүмкіндік қалдырған жоқ - 7:6 (7:0).
Екі сағат 52 минутқа созылған тартысты бәсекеде Зарина Дияс 13 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Да Ен Бактың еншісінде - 5 брейк (9 брейк-пойнт).
Осылайша, Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен алға шықты.
Бүгін сондай-ақ Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакина Сон Хен Пакпен ойнап жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан - Корея матчын Зарина Дияс бастайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).