Qatar Airways ұшағымен Қазақстанға Аустралиядан асыл тұқымды қойлар жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға Аустралиядан дорпер және «Аустралиялық ақ» тұқымдарының 1 765 бас асыл тұқымды қойы жеткізілді. Мал Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы екі шаруашылыққа бөлініп, елде етті қой шаруашылығының генетикалық базасын дамытуға бағытталады. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Фото: АШМ

Қазақстан етті бағыттағы қой шаруашылығының әлеуетін әлемдік озық генетиканы тарту арқылы арттырмақ. 30 қазанда Аустралиядан әуе көлігімен дорпер және «Аустралиялық ақ» тұқымдарының ірі партиясы жеткізілді. Асыл тұқымды мал ет өнімділігі жоғары қой шаруашылығын дамыту жобаларын жүзеге асырып жатқан отандық екі шаруашылыққа арналған.

Фото: АШМ

Атап айтқанда, Ақмола облысындағы «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС үшін Астана халықаралық әуежайына дорпер тұқымының 1 100 бас қойы жеткізілді. Бұл жеткізілім шаруашылықтың 4 мың бас ұсақ мал сатып алу жөніндегі ауқымды жобасының алғашқы кезеңі және «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданындағы «Eco Lamb» ЖШС үшін 665 бас асыл тұқымды мал әкелінді. Оның ішінде 497 бас «Аустралиялық ақ» тұқымы және 168 бас дорпер тұқымды саулық бар.

«Eco Lamb» шаруашылығы австралиялық ақ тұқымды қой өсіретін асыл тұқымды репродуктор құруды жоспарлап отыр. Аустралиялық тұқымдардың таңдалуы олардың жоғары генетикалық әлеуетіне, ет өнімділігінің айқын ерекшеліктеріне және тез жетілгіштігіне байланысты. Мұндай мал басын пайдалану отар өнімділігін арттыруға, өндірілетін өнімнің тауарлық сапасын жақсартуға және қой етін өндірудің тиімділігін арттыруға негіз болады.

Фото: АШМ

Асыл тұқымды репродуктордың іске қосылуы Қазақстан аумағында жоғары өнімді мал басын өз бетінше көбейтуге, сапалы асыл тұқымды материалдың отандық қорын қалыптастыруға және оны алдағы уақытта басқа шаруашылықтарға таратуға мүмкіндік береді.

Осылайша, Аустралиядан мал жеткізу тек асыл тұқымды мал басын көбейтуді ғана емес, сонымен қатар саланың ұзақ мерзімді генетикалық негізін қалыптастыруды көздейді.

Бұл жұмыс 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүргізілуде. Құжат ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруды, асыл тұқымды базаны нығайтуды, отандық селекцияны дамытуды және мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайтуды қарастырады.

Алдағы уақытта мұндай бастамаларды жүзеге асыру Қазақстанға етті бағыттағы қой шаруашылығын дамытудың жаңа, ауқымды моделіне көшуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бағалы тұқымдарды өз елімізде көбейту жүйесі қалыптасып, сапалы қой етінің тұрақты ұсынысы қамтамасыз етіледі және экспорттық мүмкіндіктер кеңейеді. Сонымен қатар бұл бастамалар өнімді терең өңдеуді дамытуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосымша серпін береді.

Айта кетейік, бұған дейін Германиядан Қазақстанға құны 6 млрд теңге 5 мың асыл тұқымды мал әкелінетінін жаздық.