Депутаттың айтуынша, мемлекет креативті экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 3 пайызға дейін жеткізуді көздейді. Себебі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 1 пайыздан аспаған. Сондықтан саланы дамыту үшін оны қаржыландыру, инфрақұрылымын жетілдіру және мемлекеттік қолдау тетіктерін жүйелеу қажет.
— Қазір сарапшылар тобы заң жобасын институционалдық, қаржыландыру және инфрақұрылым мәселелері бойынша қарастырып жатыр. Бұл — тек Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырындағы мәселе емес, — деді Гүлісхан Нахбаева Jibek Joly арнасындағы «Бүгін Live» бағдарламасында.
Заң жобасы аясында шығармашылық өнімдерді қолдаумен қатар, авторлардың құқықтарын қорғау және отандық туындыларды шетелде ілгерілету тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр. Бұл бағыттарда Әділет, Экономика және спорт салаларына жауапты мемлекеттік органдардың да міндеттері бар. Ал қазақстандық өнімдерді халықаралық нарыққа шығаруға QazTrade компаниясы қолдау көрсетеді.
Жұмыстың нәтижелі болуы үшін мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейту маңызды. Депутаттың сөзінше, Құрылтай жанындағы Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің базасында сегіз сараптамалық топ құрылған. Олардың бірі креативті экономиканы дамыту мәселелерін қарастырады.
Креативті индустрия музыка, кино, дизайн және ойын әзірлеу сияқты 53 бағытты қамтиды. Заң жобасы аясында осы салалардың басым бағыттарын айқындау жоспарланып отыр. Депутат Қазақстан үшін Оңтүстік Кореяның тәжірибесі маңызды екенін атап өтті.
— Қазақстанда ән өнері, киноиндустрия және геймдев нарығы дамып келеді. Бізге Оңтүстік Кореяның тәжірибесі үлгі бола алады. Олар креативті индустриямен қатар креативті туризмді де дамытып жатыр. Мәселен, елімізге әнші Димаш Құдайбергеннің концертіне шетелден арнайы туристер келеді. Бұл — шығармашылық өнімнің туризмге де серпін бере алатынының айқын мысалы, — деді Гүлісхан Нахбаева.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Қызылорда облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтіп жатқанын жазғанбыз.