Қазақстан құрамасы самбодан әлем чемпионатын алтын жүлдесіз аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында самбодан ересектер арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті.

Фото: ippon.almaty

Жарыстың соңғы күні Қазақстан ұлттық құрамасы 3 күміс, 1 қола жүлдеге ие болды. 

Ерлер арасында Арнұр Қуатай спорттық самбодан 71 келіге дейінгі салмақта финалда грузиялық балуан Элизбар Туркияға есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты.

Қалған үш жүлделі орын жауынгерлік самбо өкілдерінің үлесінде. 

Талғат Жирентаев 98 келіден жоғары салмақта финалға дейін жетіп, ресейлік Михаил Мохнаткиннен ұтылды.

Сондай-ақ Зәмзәгүл Файзолланова 80 келіге дейінгі салмақта соңғы бәсекеде ресейлік Надежда Татарченкодан айласын асыра алмады.

Гүлмайра Сағиданова 54 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке ілікті.

Осылайша, бұған дейінгі екі күнді қоса алғанда, Қазақстан құрамасы алтын жүлдеге қол жеткізе алмады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық балуан Айбатыр Миразаттың кураштан әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Ташкентте самбодан әлем чемпионатында қазақстандық балуандар жүлдегерлер қатарынан көрінді.