Ташкентте самбодан әлем чемпионатында қазақстандық балуандар жүлдегерлер қатарынан көрінді

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында самбодан ересектер арасында елуінші әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Ташкентте самбодан әлем чемпионатында қазақстандық балуандар жүлдегерлер қатарынан көрінді
Фото: ҚР Самбо федерациясы

Қазақстан самбо федерациясынан мәлім еткеніндей, 6 қараша — жарыстың алғашқы күні Нұрила Асанқызы жауынгерлік самбодан 88 келіден жоғары салмақта күміс медаль жеңіп алды.

Нұрила 2024 жылы Астанада алтын алса, өткен жылы Бішкекте қола жүлдеге қол жеткізген еді. 

Сондай-ақ көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында Мирас Жарылқасын (98 кг) мен Гүлназ Омарбек (50 кг) үздік үштікке ілікті. 

Кеше жүлде қоры молая түсті. Спорттық самбодан әйелдер арасында Гүлдана Әлмұханбетова (54 кг) мен Мәдина Ержан (80 кг) қола медальмен марапатталды. Ал жауынгерлік самбодан Жадыра Пайыз (50 кг) бен Аружан Әсемқамалқызы (72 кг) күміс жүлдеге қол созды.

Ерлер арасында Жандос Бейсенбаев спорттық самбодан 64 келіге дейін салмақта соңғы бәсекеде ғана қарсыласына есе жіберді. 

Ниетхан Төлеухан (71 кг) мен Райхан Мәди (98 кг) үшінші орынды қанағат тұтты. 
Жүзден астам елдің спортшылары қатысып жатқан самбодан әлем чемпионаты бүгін мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Фатима Сұпығалиеваның болашақта Ута Абе, Диёра Келдиёровамен кездесуі мүмкін екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ қазақстандық балуан Айбатыр Миразат кураштан әлем чемпионы атанды.