Ута Абэ, Диёра Келдиёровамен татамиде кездесуім мүмкін – Фатима Сұпығалиева
ОРАЛ. KAZINFORM — Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық, 17 жастағы Фатима Сұпығалиева дзюдодан 52 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған болатын. Осыған орай Kazinform тілшісі жеңімпазбен телефон арқылы тілдескен еді.
- Фатима Алтынбекқызы, жаөспірімдер Олимпиадасындағы алтын жүлдең құтты болсын! Үш кездесуде де мерзімінен бұрын жеңіске жеттің. Әсіресе, финал аса тартысты болды. Португалиялық София Гаспармен белдесуде алдымен өзің ұстау әдісіне түсіп қалдың. Мұндай қиын жағдайдан спортшылардың көбі құтыла алмайды. Ал сен көпірге тұрып, сытылып шығып, елді тәнті еттің. Сосын дәл сондай тәсілмен қарсыласыңды қапы қалдырдың. Осы жөнінде не айтар едің?
- Иә, соңғы бәсекеде кішкене қателік жіберіп алдым. Бірақ Дакарға қайтсем де жеңемін деп келгендіктен, барымды салдым. Тәуекел етіп, өзімнің сүйікті әдістерімнің бірін қолданып, жеңіске жеттім.
- Тура бір жылдай уақыт бұрын, 29 қазанда ІІІ жазғы жасөспірімдер Азия ойындарында үздік шығып едің. Биыл соңғы үш айдың ішінде қос бірдей тарихи табысқа қол жеткіздің. 22 тамызда қазақстандық қыздардан алғаш рет жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атандың. Енді, міне, 2 қарашада жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарып отырсың. Жалпы, осы додаға дайындық қалай болды?
- Әлем чемпионатынан кейін қайтадан татамиге оралу оңайға түскен жоқ. Дегенмен қиындыққа төтеп беріп, аянбай тер төгіп, барынша әзірлендік. Соның жемісін көріп отырмыз. Әр табысымның артында әкем әрі жаттықтырушым, өмірдегі ұстазым Алтынбек Сұпығалиев еңбегі жатыр. Үнемі жанымнан табылып, рухтандырып, жігерлендіріп отырады.
Сондықтан осы жолы да жеңісімді әкеме арнағым келеді. Сонымен қатар екінші бапкерім Ерлан Оңалов ағайыма, менің шеберлігімді ұштаған, алаңсыз жаттығуыма көмектестен, қолдаған жандардың бәріне алғысымды айтамын.
- Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның Туын көтеріп шықтың, бұл да жауапкершілікті үстей түскен шығар?
- Әрине, еліміздің көк байрағын көтеру құрметі кез келген спортшыға тапсырылмайды ғой. Жауапкершілікпен қатар қысым да келтірді, көпшілік, шу дегендей. Соған қарамастан, ашылу салтанатының әсері де айрықша болды, ел үмітін ақтап, бәрі сәтті өткеніне қуанышым шексіз.
- Жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан Әнұраны орындалған кезде қандай сезімде болдың?
- Еліңнің мерейін өсіріп, төрткіл дүниенің алдында еліңнің Әнұран орындату бақыт қой. Ерекше сезімге бөленгенім сондай, әйтеуір көз жасына ерік бермей, ернім дірілдеп, Әнұранды қосылып айтып шықтым.
- Алдағы арман-мақсаттарың қандай, ересектер арасындағы жарысқа да қосылатын боларсың?
- Жалпы, ересектер арасында оқу-жаттығу жиынына барып жүрмін. Алдағы уақытта ересектер арасында да халықаралық додаларда жүлделі орындар алып, көк Туымызды желбіретсем деймін.
- Сенің салмағыңда аты аңызға айналған жапониялық, алты дүркін әлем чемпионы Ута Абэ, өзбекстандық Диёра Келдиёрова сияқты Олимпиада жеңімпаздары бар. Болашақта сондай мықтылармен татамиге шығуды ойлайсың ба?
- Бұйырса, бәрімен де белдесуім әбден мүмкін. Ол үшін бұрынғыдан да күшті дайындық керек екенін түсінемін. Олимп шыңына жету ешқашан оңай болмаған. Сондықтан арман-мақсатымның жолында аянбай еңбектене бермекшімін.
- Ендеше, әңгімеңе рақмет, тек сәттілік тілейміз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионы Фатима Сұпығалиеваның барша қазақ елін қуантқаны үшін бақытты екендігі туралы айтқанын жазған едік.
Сондай-ақ жасөспірімдер Олимпиадасында ел туын көтеріп шыққан Фатима Сұпығалиева топ жарды.