Қазақстан құрамасы WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында сегіз марапат иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — Шанхайдағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сегіз марапатқа ие болды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмысшы мамандықтарын дамытуға және білікті кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, жастардың сапалы кәсіби білім алуына жаңа мүмкіндіктер жасалып жатыр.

Фото: Оөу-ағарту министрлігі

Шанхайдағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сегіз марапатқа ие болды: бір қола медаль, кәсіби шеберлігі үшін алты медаль және «Best of Nation» марапаты. Бұл нәтиженің артында студенттердің табанды дайындығы, тәлімгерлерінің еңбегі және мемлекеттің кәсіби білім беруге көрсетіп отырған жүйелі қолдауы тұр.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

«Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша Руслан Нестеренко қола жүлдегер атанды. Бұл бағыт әлем чемпионатының бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Қазақстандық жас маман алғашқы жарыстың өзінде жүлделі орын алып, жаңа технологияларды меңгерудегі әлеуетін көрсетті.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Кәсіби шеберлігі үшін медальдарды Ағыбай Мұхаметжан («Веб-технологиялар»), Нодирбек Рустамханов («Сантехника және жылыту»), Вадим Витковский («Дәнекерлеу технологиялары»), Дарья Мельник («Өнеркәсіптік дизайн»), Бағыжан Қойшыбаев («Графикалық дизайн»), сондай-ақ «Мехатроника» бойынша команда болып қатысқан Рамазан Нұрлан мен Денис Панин иеленді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

«Цифрлық интерактивті медиа дизайны» құзыреттілігі бойынша бақ сынаған Камила Алиева «Best of Nation» марапатына ие болды.

— 48-ші әлем чемпионатында Қазақстан атынан 31 құзыреттілік бойынша 33 колледж студенті қатысты. Олардың жетістігі қазақстандық жастардың жұмысшы мамандықтарында да, инженерлік, цифрлық және шығармашылық бағыттарда да әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Жастарды, олардың ұстаздары мен сарапшыларын құттықтаймыз, — делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетелік СҚО-да ауыл балаларына диқаншылықтың қыр-сырын мектептен үйретпек.