НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы қаласында каратеден ересектер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы командалық сында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық каратешілер финалда Иран құрамасымен сынға түсті.
Қазақстандықтар Данияр Юлдашев, Нұрқанат Әжіқанов және Нұрнияз Елдашев үш ирандық қарсыласын ұтып, командасына жеңіс әперді.
Бұдан бұрын Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сында қола жүлдеге ие болған еді. Кіші финалда олар ирандықтарды жеңді.
Қазақстан намысын Софья Берульцева, Сабина Захарова және Мөлдір Жаңбырбай қорғады.
Оған қоса Токио Олимпиадасының жүлдегері С.Берульцева жекелей сында күміс медальға қол жеткізді. Ол финалда жапониялық Юдзуки Саваиға есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын каратеден Мөлдір Жаңбырбай мен Андрей Ақтауовтың Азия чемпиондары атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).