НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі қақпашысы Никита Бояркин алған жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыса алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске салсақ, әлем чемпионаты 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында өтеді.
Қазақстандық хоккейшілер А тобында Канада, Словакия, Германия, Дания, Швейцария, Италия және Франциямен шеберлік байқасады.
Никита Бояркин әлем чемпионатына дайындыққа шақырылған хоккейшілердің кеңейтілген тізіміне енгізілген еді.
Оқу-жаттығу жиыны барысында ол жарақат алып қалды. Алда оны ота күтіп тұр.
Ол Құрлықтық хоккей лигасының алдағы маусымына дейін толық сауығуы мүмкін.
Ұлттық құрама сапында одан басқа Андрей Шутов («Барыс»), Сергей Кудрявцев «Южный Урал», Илья Румянцев («Арлан») сынды қақпашылар бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.