Қазақстан – құрылыс алаңы: Президент қатаң бақылау болатынын ескертті

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар, мектептер, емханалар және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр. Ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыстың сапасын қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті.

Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан тарихи тағдыршешті дәуірге қадам басты. Қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жасалды.

– Мемлекетіміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғыруда. Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар, мектептер, емханалар және спорт мекемелері бой көтеріп жатыр. Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды. Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық науқанында.

Бұл ретте Мемлекет басшысы құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажеттігін ескертті.

– Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады, – деді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және жас экобелсенділермен бірге Президент саябағы аумағында ағаш екті.

Бұған дейін Қ. Тоқаев еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де таза Қазақстанда жайлы өмір сүруі керектігін айтқан еді.

Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына 7 млн адам қатысып, 130 мың гектар жер тазартылған.