АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы Қазақстан және Люксембург кездесуінде Германия елінен Данни Маккели бастаған төрешілер бригадасы қызмет атқарады.
Бас төреші - Кристиан Дингерт. Оған Роберт Кемптер мен Кристиан Дитз көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - люксембургтік Иву Торреш.
Қазақстан және Люксембург кездесуі наурыздың 26-нан 27-не қараған түні елорда уақытымен 00:45-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама беретін Ұлттар лигасы плей-офф сатысы жартылай финалында жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды. Бұл жарыста сырт алаңда Люксембург Грузияға 0:2, Қазақстан Грекияға 0:5 есебімен жол берді.
Айта кетсек, Люксембург Қазақстан құрамасының Еуропа құрлығындағы 43-ші қарсыласы болады.
Әзірге қазақстандық футболшылар ересектер арасында Болгария, Гибралтар, Израиль, Испания, Италия, Косово, Лихтенштейн, Норвегия, Солтүстік Македония, Уэльс және Швейцария құрамаларымен ойнаған жоқ.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.