Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіріп, олардың бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс өтіп жатқан сапарының символдық мәніне назар аударды.
Қазақстан Президентінің айтуынша, парламент сайлауы еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын айшықтайтын тарихи уақиға болды. Бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігі мен заңдардың сапасын арттырады.
Мемлекет басшысы парламенттік дипломатия жаңа органның қызметіндегі маңызды бағыт болатынын атап өтті.
— АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы конструктивті әрі мазмұнды диалог өзара түсіністікті тереңдетіп, ортақ басымдықтарды ілгерілету және қазақ-америка серіктестігін нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық делегацияға елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ әділетті, озық мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарымызды іске асыру аясында басқару жүйесін жаңғыртудың басымдықтары жөнінде мәлімет берді.
Президент Конгресс мүшелерін еліміздің жалпыхалықтық қолдауға ие болған жаңа Конституциясындағы негізгі аспектілермен таныстырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы сан қырлы қазақ-америка серіктестігі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық, озық технологиялар, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа баса мән бере отырып, қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты.
Көпжақты форматта да жемісті ынтымақтастық орнады. Мұның айқын дәлелі — Қазақстан Американың жаһандық және өңірлік тұрақтылықты нығайту бастамаларына, соның ішінде Бейбітшілік кеңесі мен Ибраһим келісімдеріне қолдау білдірді.
Бұл ретте Президент Қазақстан мен АҚШ ядролық қауіпсіздікті нығайту және жаппай қырып-жою қаруын таратпау ісінде де маңызды рөл атқаратынына назар аударды.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Халықаралық баскетбол федерациясының президенті Сауд Али Әл-Тәнимен кездесу өткізді.