Қазақстан мен Албанияның жетекші ақпарат агенттіктері — Kazinform және ATA байланыс орнатты

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президентінің Телерадиокешені құрамындағы Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі әлемдік медиа компаниялармен әріптестік байланыстарын одан әрі күшейтіп жатыр.

Коллаж: Kazinform

Kazinform ХАА мен Албанияның телеграф агенттігі (ATA) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Соның арқасында әлемдегі оқиғалар туралы ақпарат алмасу және оларды бірлесіп жариялау үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.

Бұл меморандум жаңалықтармен, суреттермен, басқа да материалдармен алмасуға, сонымен бірге, аталған елдердегі және әлемдегі саяси, экономикалық, мәдени, спорттық т. б. оқиғаларды бірлесіп жариялауға жол ашады.

Құжатқа Президент Телерадиокешені директоры Раушан Қажыбаева мен ATA бас директоры Вальбона Жупа қол қойды.

Мемлекет басшысының қызметі және елдегі, өңірдегі маңызды қоғамдық-саяси үдерістер жөнінде ақпарат тарататын Қазақстан Президентінің Телерадиокешені үшін аталған меморандум — айтарлықтай жетістік. Республиканың негізгі медиаресурстарының біріне бұл ынтымақтастық әлемдік ақпарат кеңістігіндегі рөлін кеңейтуге мүмкіндік береді.

— Халықаралық байланыстарды дамыту — Президент Телерадиокешені қызметінің басым бағыттарының бірі. Беделді агенттіктермен әріптестік орнату арқылы әлемдік аудиторияға объективті әрі тексерілген ақпаратты жеткізе аламыз. ATA-мен жасалған келісім бірлескен жұмыс үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, екі ел арасындағы байланыс арналарын нығайтады, — деді Президент Телерадиокешені директоры Раушан Қажыбаева.

Ал ATA бас директоры Вальбона Жупаның пікірінше, «жалған ақпарат пен фейк жаңалықтарға қарсы күрес кәсіби әрі сенімді ақпарат көздерін талап ететін қазіргідей кезеңде ірі халықаралық агенттіктермен ынтымақтастық орнатудың маңызы зор».

— Kazinform-мен жасалған меморандум екі ел арасында жаңа коммуникациялық көпірлер орнатуға себе болады. Одан бөлек, қоғамға Албания мен Қазақстандағы оқиғалар туралы дәл әрі алғашқы дереккөзден алынған, тексерілген ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді, — деді ATA бас директоры Вальбона Жупа.

Меморандум саяси, экономикалық, мәдени және спорттық оқиғаларды бірлесіп жариялаумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, онда журналистерге кәсіби қолдау көрсету, тәжірибе алмасу және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың тұрақты негізін қалыптастыру тетіктері де қамтылған.

Анықтама:

Kazinform — Қазақстанның ең көне халықаралық ақпарат агенттігі. Kazinform жаңалықтары қазақ, орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдерінде тарайды. Сонымен қатар, шетелдегі отандастарымыз үшін жаңалықтар латын графикасы мен араб жазуында да қолжетімді.

Албанияның ақпарат агенттігі (ATA) — халықаралық серіктестік байланыстары дамыған, Албаниядағы жалғыз ресми ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, бұған дейін ТМД елдерінің ақпарат агенттіктері туризмді дамыту бағытындағы ынтымақтастықты күшейтетінін жазғанбыз.