Қазақстан мен БАӘ арасында 5 млрд доллардың келісіміне қол қойылады

Фото: Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен БАӘ арасында 5 млрд доллардың келісімін қол қойылады. Бұл туралы Ақордада Абу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянмпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Әрине, сіз біз үшін өте мәртебелі меймансыз. Бұл кездесу стратегиялық салалардағы одан ары ынтымақтастығымыз үшін жаңа серпін беру тұрғысында аса маңызды саналады. Қаңтарда Әбу-Дабидегі алғашқы кездесуіміз жадымда сақталып қалды. Сіздің сапарыңыз өте маңызды іс-шара екенін тағы да атап өткім келеді. Сапарыңыз аясында, осынау меже аясында шамамен 5 млрд долларды құрайтын 20-дан астам келісімге қол қойғымыз келеді. Олар - экономикамызды дамытуға бағытталған түрлі жобалар. Аталған жобаларды толықтай жүзеге асыру ынтымақтастығымызды қарқынды ілгерілетуге мүмкіндік беріп, елдеріміз үшін ең жақсы мүддеде қызмет ететіндігіне сенімдімін, - деді Президент.

Мемлекет басшысы БАӘ Қазақстандағы ең үздік 10 шетелдік инвесторлардың қатарына кіретінін атап өтті. Өткен жылы БАӘ-дан Қазақстанға келген шетелдік инвестиция көлемі 100 пайызға артқанына назар аудартты.

- Әрине, бұл үлкен көрсеткіш – шамамен 1 млрд доллар. Бұл өте жақсы нәтиже деп ойлаймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған прогресс пен тұрақты даму БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның қолдауының арқасында орын алғанын баса айтты.

Осыған дейін Қазақстан мен БАӘ арасында қол қойылатын келісімдер туралы жаздық.