Қазақстан мен БАӘ арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісім күшіне енді

АСТАНА. KAZINFORM — 25 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім күшіне енеді.

Фото: POLISIA.KZ

Құжатқа Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында қол қойылды.

Жаңа келісім екі ел азаматтары үшін қосымша мүмкіндіктер ашып, ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалану және айырбастау рәсімін едәуір жеңілдетеді.

Енді Біріккен Араб Әмірліктерінде уақытша болатын Қазақстан азаматтары Әмірліктердің заңнамасына сәйкес қазақстандық жүргізуші куәлігін пайдалана алады. Ал тұрақты тұруға көшкен жағдайда «B» санаты (жеңіл автомобильдер) және «B1» кіші санаты (үш дөңгелекті көлік құралдары мен квадроциклдер) бойынша теориялық және практикалық емтихандарды тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін айырбастай алады.

Дәл осындай тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға көшкен Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарына да қолданылады.

Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін жарамды ұлттық жүргізуші куәлігі, қолданыстағы тұруға ықтиярхат, құжаттың ресми аудармасы (БАӘ-де – араб тіліне, Қазақстанда – қазақ немесе орыс тіліне), сондай-ақ міндетті медициналық тексеруден өткені туралы құжат қажет.

Бұл ретте ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді. Айырбастау рәсімі аяқталғаннан кейін екі мемлекеттің құзыретті органдары бір-бірін жүргізілген рәсім туралы ғана хабардар етеді.

Жеңілдетілген тәртіп тек «B» санаты мен «B1» кіші санатына ғана қолданылады. Өзге санаттар бойынша жүргізуші куәліктерін айырбастау қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Аталған келісімнің күшіне енуі Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы кезекті маңызды қадам болып табылады және екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді анағұрлым жеңіл әрі қолжетімді етеді.

Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарын шетелде жүрген кезде барған елдің заңнамасын қатаң сақтауға, оның дәстүрлерін, қоғамдық тәртіп қағидаларын және мәдениетін құрметтеуге шақырады. Әрбір азамат шетелде өзін ғана емес, өз мемлекетін де танытады. Заңға бағыну және өзгелерге құрметпен қарау – Қазақстанның оң халықаралық имиджін қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі.

Ішкі істер министрлігі «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жол қозғалысы тәртібін нығайту, жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және заңға деген құрметті елімізде де, оның шегінен тыс жерлерде де арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Айта кетелік жыл басынан елімізде қанша адам жүргізуші куәлігінен айырылды және оған не себеп болғаны туралы жазған едік