Қазақстан мен Бельгия алдағы үш жылға арналған ынтымақтастық жоспарын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Бельгия сыртқы істер министрліктері арасындағы 2027-2029 жылдарға арналған ынтымақтастықтың Жол картасына қол қойды.

Фото: ҚР СІМ

СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Бельгия Корольдігінің Сыртқы істер, сыртқы сауда және даму мақсатындағы ынтымақтастық жөніндегі федералдық мемлекеттік қызметі Басқарушы комитетінің төрағасы Теодора Джентциспен кездесті.

Фото: ҚР СІМ

— Кездесу аясында Қазақстан мен Бельгияның сыртқы істер министрліктері 2027-2029 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жол картасына қол қойды. Құжат саяси диалогты жандандыруды, тұрақты консультациялар өткізуді, ведомствоаралық байланыстарды нығайтуды және екіжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілетуді көздейді, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Кездесу барысында тараптар қазақ-бельгия қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, Бельгия монархының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарының тарихи маңызын және оның екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтудағы рөлін атап өтті.

Тараптар сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық одақпен өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін, оның ішінде визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдерге қол қою перспективаларын, сондай-ақ екіжақты шарттық-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мәселелерін қарастырды.

Фото: ҚР СІМ

БҰҰ аясындағы ынтымақтастықты, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуды, көпжақты бастамаларды ілгерілетуді қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Кездесу соңында тараптар қазақ-бельгия ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге және қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға, оның ішінде 2027 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында өзара мүдделілігін растады.

Бұған дейін Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Аса мәртебелі Бельгиялықтар Королі Филипптің бірлескен мәлімдемесі жарияланды.