Келісім 2011 жылы 23 ақпанда Прагада жасалған.
«Аталған құжат екі мемлекеттің аумағында кіру және онда болу шарттарын бұзған адамдарды анықтауды және қайтаруды көздейді. Бұл санатқа еліміздің аумағына заңсыз кірген немесе заңды кірген, бірақ визасының немесе рұқсат құжатының мерзімі өтіп кеткеннен кейін сонда қалған адамдар жатады. Келісімді ратификациялау халықаралық құқыққа сәйкес заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Оның айтуынша, құжатты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.