Қазақстан мен Израильді мұнайдан бөлек дінаралық диалог байланыстырып тұр – Симона Гальперин

Израиль Сыртқы істер министрлігі Еуразия және Балқан мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары Симона Гальперин Астанадағы бирифингіде Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыстың басым бағыттарын атады, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Адлет Беремкулов/Kazinform

«Мұнай деген арадағы алыс-берістің бір ғана компоненті. Байланыс аясы одан да үлкен. Технологиялар бар, рухани әріптестік те бар. Қазақстан дінаралық диалог жүргізіп келеді. Біздің раввиндер бірнеше ай бұрын ғана Қазақстанға келіп кетті. Бұл әріптестік жалғасып келеді. Әрі қарай кеңейе түседі деп үміттенеміз. Біздің осындағы елшіміз сол үшін өте қарқынды жұмыс істеп жатыр», - деді Симона Гальперин.

БАҚ өкілдері одан екі елдің қорғаныс саласындағы әріптестігі мен Израильдің шпиондық технологиясы Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларын аңдуға пайдаланылғаны туралы дерекке байланысты сұрақ қойды. Израиль СІМ өкілі бұл мәселелер бойынша жауап беруге құзыретті емес екенін айтты.

Еске салсақ, Газа секторындағы палестиналық радикалдар Израиль аумағына зымыран атқылап, Израильдің орталығы мен оңтүстігінде ерекше жағдай енгізілген еді. 

Соңғы мәліметтер бойынша, Израиль әскері Газаны толығымен қоршап, екіге бөліп тастаған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, Газа секторында қазір Қазақстанның 76 азаматы бар. 

«Біздің деректеріміз бойынша Газа секторында Қазақстан Республикасының 76 азаматы бар. Отбасы мүшелерімен қоса есептегенде олардың саны 161. Сонымен қатар шетелдік азаматтардың шығуына байланысты Мысыр және Израиль тарапынан белгілі талаптар бар. Олардың үштен бірі эвакуациялауға келмейді. Олар кәмелетке толғандар, ерлі-зайыптылар», - деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.