Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлері Бішкекте бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлерінің «KZ-KG Business Day» атты форумы өтті. Жиында екі елдің бизнес өкілдері инвестиция тарту, франчайзингті дамыту, жаңа нарықтарға шығу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Гүлмира Абдрахманова/Kazinform

Бұл — Business & Innovation Alliance аясында ұйымдастырылған алғашқы кездесу. Форум кәсіпкерлерге жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, серіктестер мен франшиза ұсынушыларды табуға және көршілес елдің нарығына шығуға мүмкіндік берді.

«Іскерлік таныстықтан бірлескен жобалар мен жаңа нарықтарға дейін» тақырыбында баяндама жасаған Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абылқайыр Сқақов екі ел кәсіпкерлерін жаңа мүмкіндіктер төңірегінде біріктіру маңызды екенін атап өтті.

Фото: Гүлмира Абдрахманова/Kazinform

Оның айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты — қазақстандық және қырғызстандық кәсіпкерлердің байланыс орнатуымен ғана шектелмей, ортақ серіктестіктер мен жобаларды жүзеге асыруына жол ашу.

— Бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлерінің әлеуетін біріктіріп, ортақ мүмкіндіктер кеңістігін қалыптастыратын уақыт келді деп сенемін, — деді елші.

Форум барысында дипломат бизнес-альянстың цифрлық платформасын алғаш рет таныстырды. Бұл сервис кәсіпкерлерге, инвесторлар мен франчайзилерге Қазақстан және Қырғызстан нарықтары туралы ақпаратқа, іскерлік байланыстарға және жобаларды дамытуға қажетті өзге де ресурстарға тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы, «LANZHOU COMPANY» ЖШС бас директоры Гүлбану Майгарина форумның екі ел үшін маңызы зор екенін айтты.

Фото: Гүлмира Абдрахманова/Kazinform

— Форум аясында кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, инвестиция мен франчайзинг мәселелерін талқылап жатыр. Қатысушылар екі елдің экономикасын дамыту жолдары жөніндегі ойларын ортаға салуда. Егер франшиза негізінде нарыққа шығудың бірыңғай ережелері қалыптасса, кәсіпкерлер үшін жаңа жобаларды іске қосу әлдеқайда жеңіл болар еді, — деді ол.

Гүлбану Майгаринаның пікірінше, кәсіпкерлер өздерінің жетістіктері мен қателіктерінен сабақ алып, басқа нарықтарға сенімді түрде шығуы үшін осындай тәжірибе алмасу алаңдары қажет.

Ол шетелде қазақстандық және қырғызстандық кәсіпкерлерді жеке-жеке елдердің өкілдері ретінде емес, Орталық Азияның біртұтас өңірінің өкілдері ретінде қабылдайтынын атап өтті. Осыған байланысты екі ел арасындағы ынтымақтастық пен іскерлік байланысты нығайтуға шақырды.

Қырғызстандық кәсіпкер, AITIM Group IT-холдингінің негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Тиленов биылғы форумның бұрынғы кездесулерден ерекшелігіне тоқталды.

— Бұған дейін кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың кездесулері бөлек өтетін. Ал бүгінгі форумда бизнес өкілдерімен бірге мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысып отыр. Іс-шараның басты ерекшелігі — кәсіпкерлердің билік өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, мәселелерді сол жерде талқылай алуында, — деді ол.

Тимур Тиленовтің пікірінше, ақпараттық технологиялар саласының қарқынды дамуы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Өңір елдеріндегі талантты мамандар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану арқылы әлемдік нарыққа арналған технологиялық шешімдер жасауға болады.

— Біз батыстық компаниялармен бір өнім үшін бірнеше цент деңгейінде бәсекелесе аламыз. Әр елдің өзіндік артықшылығы бар. Қазақстанда капитал мен тәжірибе мол, Өзбекстанның халқы көп, ал Қырғызстан деректер орталықтарына арналған қолайлы инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Осы мүмкіндіктерді біріктіріп, бүкіл әлем қолданатын технологиялық шешімдер әзірлеуге болады, — деді кәсіпкер.

Форумнан күтер үміті туралы айтқан Тимур Тиленов Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлеріне ынтымақтастықты күшейтетін кез келгенін жеткізді. Оның сөзінше, екі елдің географиялық жақындығы мен менталитетінің ұқсастығы бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Фото: Гүлмира Абдрахманова/Kazinform

— Біз жыл сайын бизнеске жол ашып, бір-бірімізбен бәсекелескеннен гөрі, ынтымақтаса жұмыс істеп, түрлі салаларды бірге дамытуымыз керек, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстанның II өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі ел кәсіпкерлері жалпы сомасы 100 миллион долларға жуық келісімшарттарға қол қойған болатын.