Қазақстан мен Қырғызстан 100 миллион долларға жуық келісім жасамақ
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл жөнінде QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Нұрлан Құлбатыров Бішкекте өткен Қазақстан мен Қырғызстанның II өңіраралық ынтымақтастық форумында айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Оның айтуынша, форумға Қазақстанның 80-ге жуық кәсіпкері қатысып, Қырғызстан нарығына экспорттауға әлеуеті жоғары отандық өнімдерін таныстырып жатыр.
Спикердің сөзінше, осы жылдың сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 19,2 пайыз өсіп, 1,7 млрд долларға жеткен. Оның ішінде Қазақстан экспорты 1,1 млрд доллар болып, 15 пайызға артқан.
— Қазақстанның Қырғызстанға экспорттайтын өнімдерінің негізгі үлесі бес өңірге тиесілі. Өңіраралық форум өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, туризмді дамыту, инвестиция тарту және өндірістік ынтымақтастықты жолға қою мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді, — деді ол.
Сондай-ақ спикер екі ел экономикасының бірін-бірі толықтыратынын атап өтті.
— Қазақстан Қырғызстанға бидай, ұн және азық-түлік тауарларын экспорттайды. Ал Қырғызстаннан елімізге сүт өнімдері жеткізіледі. Екі елдің де Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы сауда байланысын жеңілдетіп, Орталық Азия аясындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді, — деді ол.
Нұрлан Құлбатыровтың айтуынша, қазіргі тауар айналымы екі елдің сауда әлеуетін толық қамтымайды. Сондықтан Қазақстан мен Қырғызстан кәсіпкерлерінің тікелей араласып, іскерлік байланыс орнатуы маңызды. Ол мұндай форумдар екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.
— Кеше және бүгін B2B форматында кездесулер өтіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жалпы сомасы 100 млн долларға жуық келісімшартқа қол қойылады деп жоспарланған. Кездесу қорытындысында бұл сома одан әрі артуы мүмкін, — деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстан форум аясында қандай құжаттарға қол қойғанын хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан сауда көлемін 3 млрд долларға жеткізуді көздейтінін жазған едік.